Облыста «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Алдын алу шарасының бір күнінде полицейлер профилактикалық есепте тұрған 725 адамды тексерді. Мамандардың міндеті – тұрғындардың тұрғылықты жерінде қауіпсіздікті арттыру, құқық бұзушылықтарды болдырмау және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында шенділер мен халық арасындағы өзара байланысты нығайту.
МАРАТ ЖҰМАЛИЕВ, СҚО ПД бастығының орынбасары:
– “Осыған байланысты бүгін проблемалы тұрғын үйлерді, жалға берілетін пәтерлерді және қараусыз қалған нысандарды аралауды талап етемін”.
Бірінші күні учаскелік полиция инспекторлары басқа да мемлекеттік органдардың және қоғам өкілдерімен бірлесіп, шамамен 1 мың пәтер мен жеке үйді аралап шықты. Тәртіп сақшылары бірнеше рет шақырту түскен, соның ішінде отбасылық-тұрмыстық жанжалдар мен тыныштықты бұзу деректері бойынша хабарласқан проблемалы мекенжайларға ерекше назар аударды.
Полицейлер жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізіп, учаскелік инспекторлардың байланыс деректерін қалдырды. Бұл тұрғындарға құқықтық мәселелері бойынша кімге жүгінуге болатынын білуге мүмкіндік береді.
Байболат Култанов