Қоғам

Жеңіл атлетиканың жас жұлдыздары: Петропавлда ел чемпионаты өтті

Демалыс күндері облыс орталығында 2013-2014 жылы туған жасөспірімдер арасында көпсайыстан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Бұл – дәстүрлі дода. Ауқымды жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен мықты спортшылар жиналды.

Ел біріншілігі 163 спортшының басын қосты. Олар командаға бөлініп жарысты. Әр топ 6 адамнан жасақталады. Қатысушылардың жылдамдығын, ереже бұзбауын әр өңірден келген тәжірибелі мамандар қадағалады.

ДЕНИС МОСЕЕВ, жарыстың бас төрешісі, Шымкент қаласы:
– “Жарыс бағдарламасына 60 метрге жүгіру, ұзындыққа секіру, 150 граммдық ядроны лақтыру кіреді. Сонымен қатар, қыздар 500 метрге, ал ұлдар 600 метрге жүгіреді. Бұл командалық жарыс, ұпайлар командаларға тағайындалады және жекелей есепте ең көп ұпай жинағандар бағалы жүлделерге ие болады. Солтүстік Қазақстан облысында соңғы 4-5 жылда балалар спорты ерекше қарқын алып жатыр. Нәтиже жыл сайын жақсаруда. Биыл осы өңірдің спортшылары үздік үштікке кіреді деп ойлаймын”.

Жарысқа қатысқан жергілікті спортшылардың арасында София Полукеева да бар. Оның көпсайыспен айналысқанына 5 жыл болды. Жеңіл атлетиканы үлкен әпкесіне қарап таңдаған.

СОФИЯ ПОЛУКЕЕВА, қатысушы, Солтүстік Қазақстан облысы:
– “Петропавлда осындай деңгейдегі чемпионат өтіп жатқанына өте қуаныштымын. Бұл мен үшін Қазақстан чемпионатындағы алғашқы тәжірибе болмақ. Атмосфера керемет, бәсекелестік сезіліп тұр. Қарсыластарымыз мықты көрінеді. Бұл күн үшін көп дайындалдым. Спорттың 4 түрі бойынша да жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын”.

Ал Көркем Мәділхан Түркістан облысына жеңімпаз ретінде қайтсам дейді. Тәжірибесі аздау. Дегенмен, бойында табандылық қасиеті қалыптасқан. Бұл оны жеңіске жетелеуі тиіс.

КӨРКЕМ МӘДІЛХАН, қатысушы, Түркістан облысы:
– “Осы жарысқа 7 ай дайындалдық. Сайыс қарқынды өтіп жатыр. Кішкене қорқыныш бар. Бірақ өз күшімізге сенеміз”.

Тартысты бәсекенің қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған үздік командалар және спортшылар медаль, кубоктармен марапатталады.

Жаннур Бектурганова