НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– “Ұстаз – ұрпаққа білім беріп қана қоймай, жүрегіне ізгілік дәнін себетін жан. Бірі шәкіртіне алғашқы әріпті танытса, енді бірі арманына қанат бітіреді. Жылдар өтсе де ұстаздың айтқан сөзі мен берген тәлімі шәкірт жадында жаңғырып тұрады. Петропавлда 600-ге жуық педагогтің басын қосқан салтанатты шара өтті. Алқалы жиында мұғалімдердің еңбегі бағаланып, құрметке бөленді”.
“Мұғалім – мектептің жүрегі” деп Ыбырай Алтынсарин атамыз бекер айтпаған. Себебі, ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да ұстаздан тәлім алған. Салтанатты шараның шымылдығын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ашты. Аймақ басшысы өз сөзінде ұлы жолды таңдаған ұлағатты жандардың ел дамуына қосып жүрген үлесіне тоқталды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– “Педагогтер – елдің интеллектуалдық қабілетін қалыптастыратын мемлекеттің басты стратегиялық капиталы. Мұғалім еңбегі – ел болашағына салынған ең маңызды инвестиция”.
Облыс әкімінің құттықтауынан кейін кезек марапаттау рәсіміне келіп жетті. Мемлекет басшысының өкімімен 4 солтүстікқазақстандық педагогке “Құрмет” ордені табысталды. Маңызы жоғары марапат алғандардың арасында Жадыра Қаржауова да бар. Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының мұғалімі 30 жыл бойы жас ұрпақты қазақ тілі мен әдебиетіне баулып келеді.
ЖАДЫРА ҚАРЖАУОВА, Әбу Досмұхамбетов атындағы ОДБМГИ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:
– “Ұстаз деген- тек қана кәсіп емес, ол нағыз ұлт болашағының тәрбиелеушісі. Ұстаз деген жүректің батырлығы дейді. Педагог шәкіртінің кішкентай жеңісіне қуана білу керек”.
“Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі” деген Мағжан Жұмабаевтың керемет сөзі бар. Құсқа қос қанат қалай керек болса, адамға да білім мен тәрбие солай қажет. Оны беретін кім? Әрине, ұстаз. Тайынша қаласындағы №1 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Берік Жомартов 27 жылын ұстаздық жолға арнаған. Бүгін оған білім беру саласындағы жоғары марапаттың бірі “Мағжан Жұмабаев” айрықша белгісі табысталды. Айта кету керек, Берік Базарбайұлының туғандарының барлығы білім саласында еңбек етеді.
БЕРІК ЖОМАРТОВ, Тайынша қаласындағы №1 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:
– “Орыс мектебінде қазақ тілінен сабақ беру оңай емес. Анам 40 жыл мектепте мұғалім болды. Кішкентайымыздан барлығын көріп өстік”.
Айтулы жиында 50-ге жуық ұстаз құрметке бөленді. Шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Айта кету керек, облыста 73 мыңнан астам оқушы білім алады. Оларға 16 мыңға жуық ұстаз тәлім береді.
Нурасыл Ахмет