Сүйрік саусақтарына көз ілеспес спортшылардың сайысы. Петропавлда “Counter-Strike 2” бойынша аймақтық турнир өтті. Жарысқа 17 команда қатысты. Оның ішінде Астана, Көкшетау қалаларынан келген құрамалар бар. Айта кету керек, шараны ішкі саясат басқармасының қолдауымен облыстық киберспорт федерациясы ұйымдастырды.
АБАЙ ӘЛЖАНОВ, облыстық киберспорт федерациясының өкілі:
– “Әр командада 5 ойыншы бар. Турнир топтық форматта өтеді. Жеңіп шыққан 2 ұжым плей-офф кезеңіне жолдама алады. Жарыстың жүлде қоры – 1 млн теңге. Қазақстанның ірі қалаларында мұндай турнирлер жиі өтеді. Облыста бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп, талантты жастарды анықтағымыз келеді”.
“Counter-Strike 2” – қос команда арасында өтетін тактикалық ойын. Онлайн сайыс 13 раундтан тұрады. Қатысушыларға 30 минут берілді. Осы уақыт ішінде қарсылас команданың мүшелерін ойыннан шығарған құрама жеңімпаз атанады.
АЛЕКСАНДР ДАВЫДОВ, турнирге қатысушы, Петропавл қаласы:
– “Жарыс туралы әлеуметтік желіден білдік. Содан кейін команда болып жиналып, дайындалдық. Арнайы тактика құрдық. Басты мақсатымыз – жүлделі орыннан көріну. Біз командалық ойынның атмосферасын сезініп, өз мүмкіндігімізді сынап көргіміз келді. Жеңіліс тапсақ та өкініш жоқ”.
Екі күндік жарыс жеңімпазы – петропавлдық “Океан арена” командасы. Екінші орынға көкшетаулықтар ие болса, үздік үштікті тағы бір жергілікті құрама түйіндеді.
Киберспорт бойынша жарыстар мұнымен тоқтамайды. Қазан және қараша айларында Dota 2, FIFA және Mobile Legends ойындары бойынша да турнирлер өткізу жоспарланған. Алдағы уақытта ұйымдастырушалар облыста киберспорт лигасын құруды көздеп отыр.
Нурасыл Ахмет