Қоғам

“Кітапхана – уақыт айнасы”: мерейтойлық кітапхана түні өтті

Биыл Петропавл қалалық Иван Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың құрылғанына – 50 жыл. Осыған орай білім ордасында “Кітапхана – уақыт айнасы” атты кітапхана түні өтті. Мерейлық шарада ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарына түрлі мәдени-танымдық бағдарламалар ұсынды.

ЛӘЗЗАТ ЕРҒОЖИНА, И. Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың филиал меңгерушісі:
– “Бұл кітапхананың іргетасы 1976 жылы қаланды. 1978 жылы Иван Петрович Шуховтың аты берілді. 16 шағын кітапханадан бір орталықтандырылған кітапхана құрылды. Бүгін оқырмандарымызды кешкі алтыдан түнгі он бірге дейін шақырып отырмыз. Ең бірінші құрмет кітапхана ардагерлеріне көрсетіледі. Сыйлықтар тарту етеміз. Ең қызықты сәт – “Уақыт капсуласы”, келесі 50 жылдағы оқырмандарға қазіргі оқырмандар хат қалдырып кетеді. Мінекей, осы сынды қызықтырамыз бар”.

Мерейтойлық кітапхана түні балалардың есінде ұзақ қалады. Олар үшін арнайы бөлме әзірленген. Бұл жерде шығармашылыққа құмар ұл-қыздар сурет салды, қолөнер туындыларын әзірледі. Ал үлкендер қауымы лотерея ойынына қатысып, арнайы нөмірлер арқылы сыйлықтар ұтып алды. Сонымен қатар, шарада кітапхана мен әдебиет тақырыбына арналған шағын қойылымдар көрсетілді. Жиында кітаптың пайдасы туралы көп айтылды.

ТІЛЕК ӘБДІРАХМАНОВ, оқырман:
– “Бұл іс-шараға қатысып тұрамын. Адам баласы үшін кітаптың маңызы зор. Кітапта ғылым, кітапта білім бар”.

“Кітапхана – уақыт айнасы” атты кітапхана түніне 100-ге жуық оқырман қатысты. Мерекелік кештің басты мақсаты – кітап оқуды насихаттап, тұрғындардың білімге, ғылымға деген қызығушылығын арттыру.

Сандугаш Кайырбек