Ауқымды инвестициялар, негізгі инфрақұрылымдық алшақтықтарды жою және озық цифрлық шешімдер енгізу жол жүру уақытын қысқартуға, жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға, сондай-ақ негізгі халықаралық дәліздердегі жүк ағынын жеделдетуге мүмкіндік берді.
Автомобиль жолдары инфрақұрылымын дамытуда жол желісін кеңейтуге, негізгі бағыттардың өткізу қабілетін арттыруға және облыс орталықтары, аудандар мен шалғай елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға басымдық берілді. 2023-2025 жылдары 19,1 мың шақырым жол салынды, реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп, жөнделді. Атап айтқанда:
- 2023 жылы – 5656 шақырым;
- 2024 жылы – 7306 шақырым;
- 2025 жылы – 6178 шақырым.
2026 жылы да жұмыстардың ауқымы жоғары деңгейде сақталып отыр. Құрылыс, реконструкциялау және жөндеу жұмыстарымен 11 мыңнан астам шақырым автомобиль жолы қамтылды. Оның 3,4 мың шақырымы республикалық желідегі құрылыс пен реконструкциялау, 5 мың шақырымы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына күрделі және орташа жөндеу жүргізу, 2,4 мың шақырымы жергілікті жолдарды жөндеу жұмыстарынмен қамтылды.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, автомобиль көлігімен тасымалданған жолаушылар саны:
- 2023 жылы – 1,5 млрд адам;
- 2024 жылы – 1,7 млрд адам;
- 2025 жылы – 1,9 млрд адам;
- 2026 жылдың 8 айында – 1,3 млрд адамға жеткен.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,9%-ға жоғары.
Ауылдардағы көлік қатынасына қолжетімділік мәселесі жергілікті жол желісін дамыту арқылы қамтамасыз етіліп келеді. 2023-2025 жылдары ұзындығы 10,2 мың шақырымды құрайтын жолдарда жұмыстар аяқталып, оның 556 шақырымы жаңадан салынды. Нәтижесінде елді мекендердің аудан және облыс орталықтарымен жыл бойы үздіксіз көлік қатынасын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Соңғы үш жылда нормативтік техникалық талаптарға сай келетін автомобиль жолдарының үлесі тұрақты түрде артып келеді. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар жолдар желісінде талапқа сай жағдайдағы жолдардың үлесі 2023 жылғы 92%-дан 2026 жылдың соңына қарай 95%-ға дейін, жергілікті маңызы бар жолдар бойынша бұл көрсеткіш 86%-дан 92%-ға дейін артады.
Жалпы, 2029 жылға дейін республикалық маңызы бар жолдардың 97%-ын және жергілікті маңызы бар жолдардың 94%-ын нормативтік жағдайға келтіру жоспарланып отыр.
Автомагистральдардың дамуы аймақтар арасындағы көлік байланыстарын кеңейтеді
Өңірлердің көлік байланысын арттыру ірі жол жобаларын жүзеге асыру есебінен қамтамасыз етіледі, олар жол жүру уақытын қысқартуға және өңіраралық, транзиттік маршруттардың мүмкіндіктерін кеңейтуге септік етеді. Негізгі бағыттардың бірі – ұзындығы 896 шақырым болатын «Орталық – Батыс» бағдары, онда Астананы Арқалық қаласы мен Ырғыз кенті арқылы батыс өңірлермен байланыстыратын трассаның құрылысы мен реконструкциясы қарастырылған. Сондай-ақ, Бейнеу – Сексеуіл, Қызылорда – Сексеуіл және Ұлғайсын – Сексеуіл учаскелерінде жұмыстар жүруде.
Қызылорда – Жезқазған, Ақтөбе – Ұлғайсын, Жезқазған – Қарағанды сынды күре тас жолдарды реконструкциялау жұмыстары жалғасуда.
2023-2025 жылдары автомобиль жолдарын реконструкциялау жөніндегі бірқатар ірі жобалар аяқталды. 2023 жылы ұзындығы 359 шақырым болатын Қандыағаш – Мақат және 180 шақырым болатын Үшарал – Достық жолы пайдалануға берілді.
2024 жылы Қарағанды – Алматы (946 км), Талдықорған – Өскемен (768 км), Ақтөбе – Қандыағаш (96 км), Атырау – Астрахань (277 км) және Меркі – Бурылбайтал (262 км) учаскелерінің реконструкциясы аяқталды.
2025 жылы Ұзынағаш – Отар (42 км), Қалбатау – Майқапшағай (405 км), Подстепное – Федоровка (72 км), Құрты – Қонаев (67 км) учаскелерінде, сондай-ақ Қызылорда – Жезқазған автожолының 192 км учаскелерінде жұмыстар аяқталды.
Жолдардың техникалық санатын және жабын сапасын арттыру қозғалыстың орташа жылдамдығын арттыруға және облыс пен аудан орталықтары арасындағы жол жүру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Мәселен, 2026 жылы Батыс Қазақстан облысында Қазталов, Жәнібек және Бөкей орда аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын 245 км трассаны реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл учаскелерде алғаш рет асфальт төселді. Іргелес елді мекендердің 54 мың тұрғыны үшін Оралға дейінгі жол жүру уақыты екі еседен астам, яғни 12-14 сағаттан 5-6 сағатқа дейін қысқарды.
Одан бөлек, 2029 жылға дейін Сарыағаш, Қызылорда, Атырау, Рудный және Петропавл сынды ірі қалаларды айналып өтетін жолдар салынады, бұл жолдардың өткізу қабілетін арттыруға, транзиттік қозғалыс уақытын қысқартуға және қалалық көше жолдары желісіне жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Жекелеген аумақтардың көліктік қолжетімділігін арттыру және өңірлер арасында сенімді қарым-қатынасты қамтамасыз ету үшін «Рахман қайнарына» апаратын жолды реконструкциялау және Ертіс арқылы көпір салу жоспарлануда.
Темір жол тасымалы және жылжымалы құрам
Елімізде жаңа теміржол желілерін салу бойынша ауқымды жобалар қарқынды жүзеге асырылуда. Соңғы бес жылда Қазақстанда 911 шақырым жаңа жол салынды. Бүгінгі таңда бұл жұмыстар жалғасуда: тағы 800 шақырым темір жолдың құрылысы жүргізілуде және қолданыстағы төсемнің 2,6 мың шақырымын жаңғырту жұмыстары жүзеге асуда.
2023-2025 жылдары теміржол көлігімен 60,2 млн жолаушы тасымалданды. 2026 жылдың басынан бері тек «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның өзінің пойыздарын 7,5 млн адам пайдаланған, бұл ретте ең көп жолаушылар ағыны Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Абай, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда және Жамбыл облыстарынан қатынаған.
Темір жол көлігінде әлеуметтік және мамандандырылған сервистерді дамыту жалғасуда: әйелдер вагондары 13 бағытта жұмыс істейді және іске қосылған сәттен бастап 946 мың жолаушыны тасымалдады, мүгедек адамдар мен ілесіп жүретін адамдар үшін әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жол жүруге 50% жеңілдік көзделген, 2026 жылдың жеті айында мамандандырылған орындарға 396 мың билет ресімделді.
Азаматтық авиация: көліктік қолжетімділік және өңірлік тасымалдар
Әуежай инфрақұрылымын ауқымды жаңарту жалғасуда. 2026 жылы Арқалық әуежайы қалпына келтіріліп, Астана, Алматы және Қостанай қалаларымен әуе қатынасы жаңартылды. Сондай-ақ Павлодар әуежайында ұшу-қону жолағын жаңғырту жүргізілді. Жыл соңына дейін Зайсан мен Катонқарағайдағы, сондай-ақ Кендірлі курорттық аймағындағы жаңа әуе айлақтарының құрылысын аяқтау жоспарлануда.
2029 жылға дейін Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Ақтөбе, Орал және Жезқазған қалаларында ұшу-қону жолақтарын салу және реконструкциялау, сондай-ақ еліміздің ірі әуежайларының терминалдарын жаңарту көзделген. Бұл жобаларды жүзеге асыру өткізу қабілетін арттыруға, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға және заманауи авиациялық хабтарды қалыптастыру үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Ішкі авиатасымалдардың маршруттық желісі жоспарлы түрде кеңеюде. Егер 2023 жылы рейстер аптасына 630 рейс жиілігімен 51 бағыт бойынша орындалса, 2024 жылы 669 рейс жиілігімен 57 бағыт бойынша, ал 2025 жылы 60 бағыт бойынша аптасына 821 рейс орындалды. 2026 жылдың қыркүйегіндегі жағдай бойынша ішкі әуе қатынасы аптасына 890 рейс жиілігімен 60-қа жуық бағытты қамтиды.
Азаматтық авиация саласында өңірлік тасымалдардың маршруттық желісі кеңеюде: 2026 жылы Астанадан Алматыға, Ақтауға, Ақтөбе мен Үржарға, сондай-ақ Алматыдан Ақтау мен Үржарға қосымша рейстер ұйымдастырылды. Әуежай қалпына келтірілгеннен кейін Арқалық қаласында 2026 жылғы 22 тамызда Астана, Алматы және Қостанай қалаларынан субсидияланған рейстер ашылды (аптасына екі рейстен). Астанадан Арқалыққа ұшу шамамен 40 минутты алады.
Цифрландыру, логистикалық және практикалық әсер
Өңірлік байланыс пен транзиттік әлеуетті арттыру мақсатында цифрлық технологиялар белсенді енгізілуде. Өңіраралық тікелей әуе рейстерінің ашылуы ірі көлік тораптары арқылы ауысып міну қажеттілігін жойды. Ал жүк әуе тасымалдарын қолдау мақсатында жүк әуе кемелеріне 12 жыл мерзімге бажсыз режим енгізіліп, авиация саласына арналған тауарларды қоса алғанда, жекелеген тауар түрлерін ТМД елдеріне шығару тәртібі жеңілдетілді.
Теміржол көлігінде пойыз құрамдарының қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін GPS-трекерлер негізіндегі «Пойыздар қозғалысының онлайн-таблосы» сервисі іске қосылды. Сондай-ақ шалғай учаскелерде жылдамдығы 100 Мбит/с-қа дейін жететін OneWeb және Starlink спутниктік интернетімен жолаушылар пойыздарын жабдықтау бойынша ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Бұл жолаушыларға мессенджерлерде хабар алмасу үшін базалық тегін интернет пакетін пайдалануға мүмкіндік береді.
Транскаспий халықаралық көлік бағытында Қазақстан, Әзербайжан және Грузияның теміржол жүйелерін «бір терезе» қағидаты бойынша интеграциялаған Digital Trade Corridor IT-платформасы енгізілді. Ал Tez Customs модулі кедендік транзитті қағазсыз рәсімдеуді қамтамасыз етіп, кедендік рәсімдеу уақытын 8 сағаттан 30 минутқа дейін қысқартты. Кешенді шаралардың нәтижесінде ТХКБ бойынша жүктерді жеткізу мерзімі Қытайдан Грузия және Түркия порттарына дейін 10-12 тәуліктің тұрақты көрсеткішіне шығудың нысаналы бағдарымен 38-ден 13-17 тәулікке дейін төмендетілді.
Деркккөз: https://ortcom.kz/kk/novosti/1791175264