Қоғам

Қызылжар ауданында Қарттар күніне арналған мерекелік кеш өтті

“Қариясы бар үйдің қазынасы бар” дейді дана халқымыз. Бүгін бұл мақалдың мәнін терең ұғындыратын күн. Халықаралық қарттар күніне орай Бескөл ауылының Мәдениет үйінде мерекелік кеш ұйымдастырылды. Шарада ардақты ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер қошеметке бөленді.

БЕЙБІТ ИСМАНОВ, Қызылжар ауданының әкімі:
-“Сіздерді Халықаралық қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн ғұмыр мен еңбек жолы үлгі болған аға буынға құрмет көрсететін ерекше мереке. Сіздер талай жыл бойы туған елдің, жердің дамуына үлестеріңізді қосып, кейінгі ұрпаққа мол тәжірибе мен өнегелі дәстүр қалдырдыңыздар”.

Қарттарымызға бас ие алғыс айтып, тік тұрып қол соғуымыз қажет. Мерекелік кеште Бейбіт Исманов Қызылжар аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелерін Алғыс хаттарымен марапаттады.

 

Марапатқа ие болғандардың ішінде Тұрар Тәнібаев та бар. 74 жастағы зейнеткер – Прибрежный ауылдық округінің бастауыш ардагерлер ұйымының мүшесі. Бұған дейін мал дәрігері болып қызмет атқарған.

ТҰРАР ТӘНІБАЕВ, Прибрежный ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының мүшесі, Қызылжар ауданы:
– “Ардагерлер ұйымы белсенді жұмыс істеп жатыр. Мысалы, әжелер алқасы мектепке барып, арнайы тәрбие сағаттарын өткізеді”.

Валентина Штибен 15 жылға жуық зейнетте. 40 жылға тарта аудандық балалар кітапханасында жұмыс істеді. Кітап оқуға құштар, талапты балақайларды жаны сүйеді.

ВАЛЕНТИНА ШТИБЕН, Қызылжар аудандық ардагерлер кеңесінің белсендісі:
– “Ең бастысы, өскелең ұрпақ үлкен кісіні құрметтеп, сыйлауы тиіс. Көмек қолын созып, айтылған ақыл-кеңесті тыңдауы керек. Өзімнің өсіп келе жатқан немерелерім бар. Соларға әрдайым үлгі болатын дүние айтып отырамын. Бүгінгі мерекемен қарт адамдарды шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңызға денсаулық, бақыт пен береке тілеймін”.

Концерттік бағдарлама келген көрерменге шаттық сыйлады. Кеште 10-ға жуық қызылжарлық марапатқа ие болды.

Аружан Султанова