Петропавлда “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы аясында қала көшелерін тазартуға арналған ауқымды сенбілік өтті. Саябақтарды ретке келтіруге атсалысқан жандардың қатары қалың.
Қаланың тазалығына бейжай қарамайтын жандардың арасында қоғамдық кеңес мүшелері де бар. Олар қолдарына қоқыс қаптары мен күректерін ұстап, аумақты ретке келтіруге өз үлестерін қосты.
ДМИТРИЙ ВАСИЛЕНКО, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы:
– “Бұл бастаманы баршамыз қолдауымыз қажет. Таза елде өмір сүру – бәріміз үшін маңызды. Ал тазалық өзімізден басталады. Сол үшін бүгін таң салқынымен сенбілікке шықтық”.
Келген адамдардың кейбірі бұл іске балаларын да ертіп келді. Александр Зельдің 7 жасар ұлы Марк те осында. Қоғам белсендісі өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беріп, табиғатқа қамқор болуды үйрету үшін әуелі өзің үлгі болуың қажет дейді.
АЛЕКСАНДР ЗЕЛЬ, “Әділет” партиясы қалалық филиалының төрағасы:
– “”Таза Қазақстан” тұжырымдамасы экологиялық мәселелерді кешенді түрде шешуге бағытталған. Бүгін біз қосқан шамалы үлес азаматтардың көзқарасына әсер етіп, басқаларды да осындай іске жұмылдырады деп ойлаймын. Сол үшін ұлымды да ертіп келдім. Қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау қажет деген түсінікті балаға ерте жастан сіңіру қажет”.
МАРК ЗЕЛЬ, оқушы:
– “Мен – әкемнің қолғанатымын. Саябақты тазартуға көмектесіп жатырмын. Өзім аулаға қоқыс тастамаймын. Мектептегі достарыма да тазалық туралы жиі айтамын”.
Шараның нәтижесі қуантады. Белсенді жандар қала бойынша 70 тонна қоқыс жинады.
Жаннур Бектурганова