Экология

СҚО-да “Таза Қазақстан” боты арқылы мыңға жуық өтініш орындалды

ЖАННҰР БЕКТҰРҒАНОВА, тілші:
– “Көшеде кетіп бара жатқанда немесе саябақта қыдырып жүрген кезде сынған орындықты, ашық қалған құдықты көріп жатамыз. Сондай сәтте “бұл олқылық жойылса ғой” деп іштей қынжылатынымыз бар. Енді кемшіліктің түзелуіне барлығымыз атсалыса аламыз. Ол үшін қолымыздан түспейтін ұялы телефон ғана қажет. Осы жабдық арқылы мәселені шешуге болады. Қалай екендігін дәл қазір айтамыз”.

Телефонды аламыз, Telegram қосымшасын жүктейміз. Мұнда “Таза Қазақстан” атты бот бар. Осы арқылы тұрғындардың шағымы мен ұсынысы тиісті органдарға жылдам жетеді. Яғни, әкімдікке барып, қағаз толтырудың, уақыт жоғалтудың мүлде қажеті жоқ. Олқылықты көресіз, суретке түсіресіз, онлайн режимде жолдап, мәселе мен мекенжайды жазасыз.

ЖАНАТ СӘДУАҚАСОВ, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
– “Телеграм-бот іске қосылғалы бері тұрғындар тарапынан белсенділік күрт артты. Биылдың өзінде облыс бойынша 922 өтінім түсті. Оның 43% аумақты тазарту және абаттандыру мәселелеріне қатысты болды. Жіберілген өтінім қабылданады, кейін жауапты органдарға жолданады. 7-10 күнде бұйымтайыңыз орындалады. Тұрғындар атқарылған жұмыстың нәтижесін фотоесеп арқылы көре алады. Кейін іске баға бере алады”.

Қала көшелерінде арнайы QR-кодтар жапсырылған. Сол арқылы ботқа өтіп, пайдалануға болады. Telegram мессенджерінен бөлек, eGov порталы арқылы да қолдануға мүмкіндік бар. Мемлекет басшысы атап өткендей, экологиялық мәдениет – әрбір азаматтың конституциялық міндеті. Біз қала тұрғындарынан бұл бастама жайлы сұрап көрдік.

“Таза Қазақстан” – қоғамды біріктірген, қоршаған ортаға пайда әкелген жалпыұлттық акция. Бастама аясында биыл өңірімізде 110 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Тонналап қоқыс жиналды. Ортақ әрі маңызды іске 130 мыңға жуық тұрғын қатысты.

Жаннур Бектурганова