Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда донаттар шығаратын зауыт іске қосылды

ҰЛАН ЫДЫРЫС: “Петропавлда Бейкертон зауыты ашылды. Мұнда еліміз үшін тың бағыт – донаттар өндіріледі.

– Кәсіпорын айына 10 млн тәтті тоқаш дайындайды. Қазір зауытта 50-ге жуық адам еңбек етеді. Бірақ бұл басы ғана. Өндіріс толық қуатына шыққанда жұмыс орындарының саны 400-ге жуықтайтын болады”.

Аталмыш нысанның құрылысы 2024 жылы басталған болатын. Зауыт көлемі екі футбол алаңына жуық. 37 млрд теңгенің жобасын ресейлік инвесторлар іске асырған. “Бейкертон” серіктестігі – “Хлебпром” ірі кондитерлік компаниясының еншілес кәсіпорны. Басшылықтың сөзінше, зауыттың Солтүстік Қазақстанда салынуына бірнеше фактор әсер еткен.

ЯРОСЛАВ ШАДЫРЯ, “Хлебпром” ЖШС бас директоры, РФ:
– “Петропавлдың географиялық орналасуы өнімді Ресейдің Сібір және шығыс өңірлеріне жеткізуге мүмкіндік береді. Ал “Қызылжар” арнайы экономикалық аймағындағы салықтық жеңілдіктер мен инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау жобаның экономикалық тиімділігін арттырған. Мұнда шығарылатын өнімнің 98 пайызы экспортқа бағытталады”.

Қазір мұнда бір ауысымда 50-ге жуық адам жұмыс істейді. Өндіріс толық қуатына шыққан кезде бір желіде төрт ауысым ұйымдастырылып, жұмысшылар саны шамамен 200 адамға жетеді. Ал екінші өндірістік кезек іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш 400-ге жуықтайды. Бұдан бөлек серіктестік алдағы уақытта өз өнімдерін қазақстандық нарыққа шығаруды көздеп отыр.

ЯРОСЛАВ ШАДЫРЯ, “Хлебпром” ЖШС бас директоры, РФ:
– “Өнімнің басым бөлігі Ресейдің Сібір өңірлеріне жөнелтіледі. Сонымен қатар, Қазақстан нарығына, соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысына да өнім шығару жоспарланып отыр. Егер нарықтағы сұраныс жоғары болса, өндірістің екінші кезеңін іске қосып, көлемді екі есеге арттыруды көздеп отырмыз”.

Жаңа жобаның қос тарапқа да берері мол. Мысалы, зауыт тек Солтүстік Қазақстан облысынан шыққан өнімдерді қолданатын болады. Бұл өңір экономикасына оразан зор пайда келтіреді дейді “Қызылжар” арнайы экономикалық аймағының директоры Нұржан Садықов.

НҰРЖАН САДЫҚОВ, “Қызылжар” арнайы экономикалық аймағының директоры:
– “Пончик негізі бауырсақ секілді. Оған ұн, жұмыртқа және крахмал қажет. Оның барлығы біздің аймақта өндіріледі”.

Кәсіпорынның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев қатысты. Ол нысанның өндірістік қауқарымен танысып, экономикалық аймақта жүзеге асырылып жатқан жобалардың маңыздылығына тоқталды.

ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– “Қызылжар” арнайы экономикалық аймағында Қытай, Катар, Италия, Түркия және Германия елдерінің, сондай-ақ, жергілікті инвесторлардың 22 жобасы іске асырылып жатыр. Жалпы, аталмыш аумаққа тартылған инвестиция көлемі 411 млрд теңгеге жетті. Соның ішінде “Бейкертон” зауыты – Қазақстанда, тіпті Орталық Азия елдерінде бұрын-соңды болмаған тың жоба”.

Айта кетейік, алғашқы кезеңде кәсіпорын мамандары жылына 7 мың тоннадан астам өнім шығаруды көздеп отыр.

Улан Ыдырыс