Қоғам

Бескөлде Еңбек күніне арналған мерекелік іс-шара өтті

Бескөл ауылында Еңбек күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты басқосуға Қызылжар ауданының әкімі қатысып, ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтады.

БЕЙБІТ ИСМАНОВ, Қызылжар ауданының әкімі:
– “Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында ауданымыздың экономикасы мен мәдениеті дамып келеді. Сіздер өз міндеттеріңізді атқарып қана қоймай, қоғамның дамуына да үлес қосып келесіздер. Еңбектеріңіз еленіп, әрдайым абырой биігінен көріне беріңіздер! Баршаңызды дәстүрлі мерекемен құттықтаймын!”

Елдің дамуы жолында күн-түн демей еңбек ететін адамдар әрдайым марапатқа лайық. Бескөлдегі шарада бірқатар қызылжарлық түрлі деңгейдегі мадаққа ие болды.

Құрметке бөленген жандардың қатарында қызметтік көлік жүргізушілері, мәдениет үйінің қызметкерлері, механизаторлар болды. Ерекше марапаттың бірі – “Үздік еңбек әулеті” атты аталым. Қазір Некібаевтар жанұясы мүшелері қоғамның әртүрлі саласында тер төгіп жүр.

ҒАБИДЕН ҚОЖАТАЙҰЛЫ, Архангельск орта мектебінің мұғалімі, Қызылжар ауданы:
– “Архангельск орта мектебінде көркем еңбек пәні және әлеуметтік мұғалім болып жұмыс істеймін. Мұғалімдікті таңдаған себебім, Ұлы Отан соғысына қатысқан әкем 40 жыл педагогика саласына еңбегін сіңірді. Отбасымызда 10 бала болды. Олардың бесеуі мұғалімдікті таңдады”.

Жалпы, кездесуде 19 адам марапат алды. Мұндай кездесу маңдай термен еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегін дәріптеп, қоғамға олардың маңызын насихаттайды.

Сандугаш Кайырбек