Қалада көлігін ақыртып өтетіндер көп. Әсіресе, мотоцикл мінгендер түнде тыныштық бермейді. Петропавлда кешке рейд жүргізген полицейлер бес бірдей бұзақы жүргізушіні анықтады. Гәп мынада: көлік иелері тиісті рұқсатсыз «тікелей ағынды» деп аталатын, яғни шығатын газдарға барынша аз қарсылық көрсететін және дыбысты қатты шығаратын газ шығару жүйесін орнатқан. Көлік конструкциясына өз бетінше енгізілген өзгеріс айналадағыларға қолайсыздық туғызып қана қоймай, көліктің бұзылуына, соның салдарынан жол-көлік оқиғасына әкелуі мүмкін. Көлік құралдарын қайта жабдықтау үшін тиісті рұқсат қажет. «Мотоцикл» іс-шарасы барысында облыс бойынша 200-ге жуық түрлі әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде мотоциклді мотошлемсіз басқарудың 28 дерегі бар.
Аружан Султанова