Облыстық әкімдікте бақылау және қадағалау органдарының Бірыңғай есеп беру күні өтті. Шара бизнес өкілдеріне арналған. Алқалы жиында жыл бойы жүргізілген тексеріс пен оның нәтижелері жіпке тізілді. Кеңес шымылдығын аймақ басшысының орынбасары Қанат Дүзелбаев ашты.
ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, облыс әкімінің орынбасары:
– “Кездесу “Заң және Тәртіп” қағидатын ілгерілету аясында өткізіліп отыр. Негізгі мақсат – құқықтық нормалардың сақталуын қамтамасыз ету, іскер жандардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау. Мемлекет басшысының бастамасымен облыста шағын және орта бизнесті жоспардан тыс тексеруді тоқтаттық. Биыл жауапты органдар 700-ден астам бизнес субъектісіне барып, тексеріс жұмыстарын жүргізген”.
Облыста жыл басынан заңсыз алкоголь өнімдерін сатудың 253 дерегі тіркелді. Барлығы 9 мың литрден астам ащы су тәркіленген. Спирттік ішімдік сату талаптарын бұзудың 180 фактісі белгілі болды. Сонымен қатар, 38 кәсіпкер 21 жасқа толмағандарға темекі сатқан. 30 жасөспірім түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүрген. Аталған бұзушылықтарды тәртіп сақшылары анықтады.
МАРАТ ЖҰМАЛИЕВ, СҚО ПД бастығының орынбасары:
– “Мұндай кездесулер бизнес өкілдерінің құқықтарын қорғауға қатысты мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ортақ шешімдер қабылданып, полиция мен кәсіпкерлер арасындағы өзара сенім нығаяды. Облыстағы ахуал тұрақты. Кәсіпкерлерден заң аясында жұмыс істеуді сұраймын. Әсіресе құжаты жоқ өзге ұлт өкілдерін жұмысқа салмауларыңызды өтінемін.
Жыл басынан бері облыстағы 32 кәсіпкерлік нысанда өрт тіркелген. Келтірілген шығын көлемі 10 млн теңгеден асады. Алдағы уақытта мұндай келеңсіз оқиғаларды болдырмау қажет. Ол үшін өрт сөндіргіш құралдарды әрдайым қалыпта ұстап, дабыл қаққыш орнатқан жөн. Бірақ, қарапайым талаптар жиі айтылса да оны орындамайтын кәсіпкерлердің саны азаймай тұр.
ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
– “Жыл басынан департамент мамандары 130 кәсіпкерлік нысанды тексерді. Нәтижесінде 1200-ден астам заңбұзушылық анықталды. Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағаны үшін 96 заңды тұлға жауапкершілікке тартылды. Оларға 1 млн 700 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Алқалы жиынға 40-қа жуық кәсіпкер қатысты. Тағы 200-і онлайн режимде қосылды.
НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– “СҚО-да 33 мыңнан бизнес субъектісі бар. Іскер жандар Бірыңғай есеп беру күнінде жауапты мамандарға өз сұрақтарын қойды, ұсыныстарын жеткізді. Мұндай шаралар өңірдегі кәсіпкерлік саласын дамытуға зор септігін тигізері сөзсіз”.
Нурасыл Ахмет