Заң

“Заң мен тәртіп”: аудандардағы полиция жұмысы тексерілді

Облыстық полиция департаментінің бастығы Руслан Назаров жұмыс сапарымен Есіл және Ғ.Мүсірепов ауданында болды. Аталған қос ауданда қазір орақ науқаны қызу жүріп жатыр. Яғни, алқаптарда, жолда көлік ағыны жоғары. Одан қалды кейбір ауылдардың арасы алыс. Мұндай жағдайда полицейлердің мобильділігі мен заманауи технологияларды пайдалануы ерекше маңызға ие. Өңірдің бас тәртіп сақшысы шенділердің жұмысымен танысып, қызметтік көліктерді қарап шықты, дрондарды қалай пайдаланатындарын көрді және жедел басқару орталығының қызметін тексерді.

Жылу камераларымен, жарықпен және дауыс зорайтқыш құрылғылармен жабдықталған дрондар аумақтарда бақылау және іздестіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Бұзушылықтарды аз уақыттың ішінде анықтауға септеседі. Заман игілігі шенділердің жұмысын едәуір жеңілдеткен.

Кездесулер барысында Руслан Назаров жеке құрамға кәмелетке толмағандар арасында және қайталама қылмыстарға жол бермеуді тапсырды. Мал ұрлығы мен есірткі өткізудің алдын алу бағытындағы жұмыстарды да күшейтуді бұйырды.

Сөз соңында аз-кем статистикаға тоқталсақ. Биыл облыста өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қылмыстардың тіркелу көрсеткіші 17,5 пайызға төмендеген. Ал ашылу көрсеткіші 66,6 пайызға дейін өсіпті.

Нурасыл Ахмет