Экология

Тазалық күні: М.Жұмабаев ауданында 3 мың ағаш отырғызылды

САНДУҒАШ ҚАЙЫРБЕК, тілші:
– “Тазалық күні М.Жұмабаев ауданы тұрғандарының ауызбіршілігін көріп отырмыз. Арнайы акция өтетінін халық бірер күн бұрын естіпті. Содан дайындалған. Ал бүгін ерте келіп, бірлесе еңбек етуде”.

Бірлескен тазалық жұмыстарының негізгі мақсаты – қаланы абаттандырып, қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету.
Сенбілікке аудан әкімі де қатысты.

РАХАТ СМАҒҰЛОВ, М.Жұмабаев ауданының әкімі:
– ”Қарттар күні қарсаңында “Таза Қазақстан” акциясы аясында Дүниежүзілік тазалық күні өтуде. Іс-шараға белсенді қатысқандарыңыз үшін баршаңызға алғыс білдіремін. Өзіміздің дәстүріміз бар. Жыл сайын көктемде және күзде көшет отырғызамыз. Биыл да ағаштың бірнеше түрін егеміз. Адамның қамқорлығымен өскен жасыл желек кейін ауданымызға көрік беріп тұрады”.

Жалпыхалықтық науқанға отбасымен келгендер де бар. Олар айналаны жинап, ағаш егіп, көңілді музыка әуенімен таза ауада еңбек етті. Сенбілікке қатысушыларға ыстық бауырсақ пен палау, самаурынның шәйі берілді. Осылайша тазалық жұмысы тұрғындардың басын қосқан мерекелік шараға ұласты.

ДИАС ҚАСЕНОВ, оқушы, М.Жұмабаев ауданы:
– “Мен М.Жұмабаев атындағы орта мектептің оқушысымын. Біз барлығымыз «Таза Қазақстан» акциясын қолдауға жиналдық. Бұл міндетіміз деп санаймын. Қаламыз жарқырай түскендей. Осындай бастамалар жастарды қамқорлыққа, тазалыққа баулиды”.

Тазалық акциясына 200-ден астам адам қатысты. Бір күнде 3 мың ағаш егілді. Мұндай экологиялық акция ауданда алдағы уақытта да жалғасын үзбейді.

Сандугаш Кайырбек