Ауыл шаруашылығы

СҚО-да 2 млн гектардан аса жердегі дәнді және бұршақты дақыл жиналды

Солтүстік Қазақстан облысында 2 млн гектардан аса алқаптағы дәнді және бұршақты дақыл жиналды. Бүгінде жоспардың орындалу көрсеткіші 73,9% құрайды. Жалпы түсім 3,4 млн тоннаны құрап отыр. Орташа түсім – 16,2 центнер. Ал майлы дақылдар 1 млн 264 мың гектардан жиналуы тиіс. Соңғы деректерге сүйенсек, 487,6 мың гектардағы немесе жинау алаңының 38,6 пайызындағы өнім қамбаға жеткізілді. Бастырылған астықтың көлемі – 536,1 мың тонна.

– “Жедел деректер бойынша 1 млн 80 тонна шөп дайындалды. Жоспар 110,8% орындалды. Пішен, сүрлем мен сабан да жоспардан артық немесе жоспарға сай әзірленді. Астықты жемшөпті дайындау көрсеткіші 607,1 мың тоннаны құрап отыр. Жоспар – 843,4 мың тонна”.

Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен жиынға да тоқталайық. Алқалы басқосуда еліміздегі орақ науқаны талқыланды, ағымдағы көрсеткіштер сөз болды. Айта кетсек, жаңа өнімді қабылдау басталғалы бері лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына 4,3 млн тонна астық түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көлемнен 2 есе жоғары.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
– «Басты міндет — егін жинау науқанын табысты аяқтап, өнімді сапалы сақтай отырып, келесі маусымға дайындықты да қатар алып жүру. Барлық қажетті ресурстар берілді, қаржыландыру қамтамасыз етілді, ауыл шаруашылығы техникасының паркі жаңартылуда, дизель отыны мен тыңайтқыш жеткізу жолға қойылды, астық қоймалары дайындалды. Облыс әкімдіктері жұмысты үйлестіріп, туындаған мәселелерді жедел шешуі қажет. Егін жинау науқаны ұйымшылдықпен, іркіліссіз және барынша жоғары ұйымшылдықпен, тиімді өтуі тиіс».

Байболат Култанов