Қоғам

Жас мамандарға жаңа мүмкіндік: Ақжар ауданында мемлекеттік қызметке орналасу тетігі сәтті іске асуда

Елімізде жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандар үшін мемлекеттік қызметке орналасудың жаңа мүмкіндігі пайда болды. Егер түлек білім ордасын жоғары GPA көрсеткішімен тәмамдаса, бір жыл ішінде аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі мемлекеттік лауазымдарға конкурстық іріктеусіз орналаса алады. Бұл шалғай орналасқан өңірлерде кадр тапшылығын жоюға және қабілетті жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тартуға ықпал етеді. Сондай мүмкіндікті пайдаланған жас мамандардың бірі – А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің түлегі Айша Мұратбек. Нәзікжанды “HR-менеджмент” мамандығына оқыған.

АЙША МҰРАТБЕК, Ақжар ауданы ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:
– “Міндетіміз – аудан көлемінде мемлекеттік рәміздердің дұрыс орналасуы мен қолданылуын қадағалау, түрлі мерекелерге жоспар құру, сондай-ақ деструктивті ағымдар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Тәжірибелі әріптестерім әрдайым қолдау көрсетуде”.

Мемлекеттік қызметті таңдаған келесі жас маман – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетін тәмамдаған Мәдина Ерғали. Ол “Тарих және дінтану” мамандығы бойынша оқыпты. Бойжеткен оқу үлгерімінің көрсеткіші жоғары болғандықтан, мемлекеттік қызметке іріктеусіз қабылданған.

МӘДИНА ЕРҒАЛИ, Ақжар ауданы әкімі аппаратының бас маманы:
– “Қазіргі таңда Ақжар ауданы әкімдігі аппаратында азаматтардың өтініштерін қабылдау және қарау бөлімінде қызмет атқарамын. Біздің бөлім тұрғындардан түсетін түрлі өтініш-арыздарды тіркеп, оларды өңдеумен және тиісті орындарға жолдаумен айналысады”.

Бұл тәсіл екі айдың ішінде өзінің тиімділігі дәлелдеп отыр. Ақжар ауданында жыл басынан бері мемлекеттік қызметке 10 адам орналасса, соның 4-еуі конкурстан тыс қабылданған. Бүгінде аталған аймақта 100-ден мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Мамандардың сөзінше аталған салада кадр тапшылығы байқалмады.

Жаннур Бектурганова