Қазақстанда жыл сайын 1200 адам сүйек кемігі трансплантациясын қажет етеді. Статистика артып жатыр. Елде өзгеге көмектескісі келетін жандардың саны көп болғанымен, дің жасушалары сәйкес келмей жатады. “Бірақ, донорлардың саны неғұрлым көп болса, адамның өмірін аман сақтап қалу мүмкіндігі соғұрлым жоғарылайды”, – дейді облыстық қан орталығының дәрігерлері. Сондықтан мамандар жерлестерімізден хал үстінде жатқан жанның өмірін сақтап қалуға күш салуды сұрайды.
ЕВГЕНИЯ ЗАХАРОВА, облыстық қан орталығының дәрігер-терапеві:
– “Бұл ауруды қарапайым тілде қанның қатерлі ісігі деп атаймыз. Біз алдымен келген донорды тіркейміз. Одан 9 мл қан алынады. Кейін алынған дүние жіті тексеріледі. Егер науқаспен дің жасушалары сәйкес келсе, тұрғынды шақырып, отаға дайындаймыз. Айта кету керек, мұндай операциялар тек Астанада жасалады”.
Егер науқас пен донордың генетикалық көрсеткіштері сәйкес болса, өзгенің өмірін құтқарғысы келген жанға бірнеше күн бойы арнайы препарат беріледі. Ондағы басты мақсат – сүйек кемігінде орналасқан дің жасушаларының көбірек шығуына жағдай жасау. Ота барысында заманауи қондырғы арқылы донордан алынған қан пациентке енгізіледі. Одан қажетті жасушалар бөлініп алынады. Қалған қан донорға қайта құйылады. Айта кету керек, мұндай оталар 4 сағатқа созылады.
ЕВГЕНИЯ ЗАХАРОВА, облыстық қан орталығының дәрігер-терапеві:
– Отаның донорға еш зияны жоқ. Қалыпқа келу процесі 2 аптаға созылады. Айта кетейін, елімізде өзінің дің жасушаларын өзгеге беруге 15 мыңнан астам адам рұқсат берген. Оның 700-і – солтүстікқазақстандық”.
Қала тұрғыны Дмитрий Снитко орталыққа сүйек кемігі доноры болуға өтініш беруге келген. Бұл әрекетті ол азаматтық борышым деп санайды.
ДМИТРИЙ СНИТКО, донор:
– “Қолдан келсе адамдардан көмекті аямау қажет. Егер науқас менің арқамда аяққа тұрса менен бақытты адам болмайды. Тұрғындарды игі іске атсалысуға шақырамын”.
Айта кету керек, 2011 жылдан бері Қазақстанда сүйек кемігі трансплантациясы бойынша небәрі 23 ота жасалған.
Нурасыл Ахмет