Қоғам

СҚО-да алимент төлемей жүргендердің қарызы 1 млрд теңгеге жуықтады

Солтүстік Қазақстан облысында 5 мыңға жуық азамат алимент төлемей жүр. Көкек ата-аналардан қарызды өндіріп алу үшін жауапты мамандар рейдке шықты. Қолданыстағы шараның бірі – көліктерді тоқтату. Арнайы базада бауыр еті балаларына теңге төлеуден бас тартқандардың нөмірі бар. Сол бойынша тәртіп сақшылары ысқырық шалады, жол шетінде тізгін тартуды нұсқайды. Полицейлер, сот орындаушылары, әділет органдары мен прокуратура қызметкерлері. Осылар борышкерден себепті сұрайды. Қарызы көптердің көліктері айыппұл тұрағына апарылады. Бүгінде бір ғана Петропавлда алимент төлейтін 4 мыңнан астам азамат бар. Олардың 355-і жауапкершіліктен қасақана түрде жалтарып жүр.

ӨМІРТАС ЯСИН, Петропавл қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры:
– “Іс-шара барысында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлестік. Сот орындаушылары арнайы тұраққа орналастыру туралы қаулы шығарылған көлік құралдарын анықтау бойынша жұмыстар жүргізуде. Анықталған фактілер бойынша заңнамада көзделген шаралар қабылдануда”.

Мұндай қаулы аз емес. Сот орындаушылары борышкерлерге тиесілі 200-ге жуық көлікті айып тұрағына қою бойынша шешім шығарған. Өкінішке қарай, облыста жауапсыз жерлестеріміздің берешек мөлшері де өсіп барады. Қазіргі таңда алимент төлеушілердің қарызы 800 млн теңгеден асады.

Жансая Дербисова