Петропавлдағы Оқушылар сарайында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған кеңейтілген ведомствоаралық кеңес өтті. Жиынға қалалық білім беру ұйымдарының басшылары мен жауапты мекеме өкілдері қатысып, балалардың жолдағы қауіпсіздігі, психологиялық ахуалы және құқықтық қорғалу мәселелерін талқылады.
САЙРАН СӘРКЕНОВ, СҚО ПД қоғамдық қауіпсіздік бастығының орынбасары:
– “Балалардың қауіпсіздігі үшін көптеген профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Оларға барлық мемлекеттік органдар жұмылдырылған. Күн сайын қала аумағындағы ойын-сауық орындары мен жастар жиналатын жерлерде түнгі рейдтер ұйымдастырылып, жадынамалар таратылады. Бұл шаралар балалардың құқық бұзушылық жасауына жол бермеу, оларды қылмыстан қорғау және әрбір жасөспірімнің қауіпсіз ортада өсуін қамтамасыз ету үшін аса маңызды”.
Қала мектептерінде бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Әсіресе шеткері аумақтардан қатынайтын оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты назардағы міндет.
АЙТҚОЖА БАУКЕНОВ, қалалық №12 орта мектептің директоры:
– “Біздің мектепте 200 бала оқиды, сондай-ақ шағын орталық бар. Хромзауыт және Кирпичный шағын аудандарынан келетін балалар бар. Кирпичный өте алыс. Мамлют трассасы – өте қауіпті жол. Сондықтан балаларды қала әкімдігі бөлген арнайы автобуспен тасымалдаймыз. Әр дүйсенбі сайын саптық жиындар мен сынып сағаттарында оқушыларға қауіпсіздік ережелері үнемі түсіндіріліп отырады”.
Жыл басынан бері өңірде кәмелетке толмағандардың 26 қылмысы тіркелді. Оның ішінде тек жазғы каникул кезінің өзінде 13 қылмысты жасөспірімдердің өздері жасаса, 7 жағдайда оларға қарсы қылмыстық әрекеттер орын алған. Сондай-ақ, жаз мезгілінде балаларын түнгі уақытта үйден тыс жерде қараусыз қалдырған мыңнан аса ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал жаңа оқу жылы басталғалы бері кәмелетке толмағандар тарапынан 2 қылмыс тіркеліп үлгерді. Осыған байланысты құқық қорғау органдары мен білім беру саласының өкілдері түнгі рейдтерді күшейтіп, профилактикалық жұмыстарды бірлесіп жалғастыруда.
Жаннур Бектурганова