Кешенді шараларды жүзеге асыру инвестициялық тартымдылықты арттыруға және цифрлық активтердің заманауи, бәсекеге қабілетті саласын қалыптастыруға ықпал етеді.

«Ұлттық банк мемлекеттік органдармен бірлесіп, Мемлекет басшысының цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту жөніндегі Жарлығында белгіленген шаралардың уақтылы әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге тиіс. Нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін әрбір басшының дербес жауапкершілігі көзделген. Осыған баса назар аударамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Кешенді шараларды жүзеге асыру капиталды Қазақстанның ашық әрі айқын қаржы айналымына қайтаруға, төлемдер мен нақты секторды қаржыландыруда цифрлық активтерді пайдалану аясын кеңейтуге, жаңа инвестициялық құралдарды қалыптастыруға, клиенттер мен инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, цифрлық қаржы қызметтері экспортын дамытуға мүмкіндік береді. Бірлескен жоспар іс-шараларының орындалуы Қазақстанның цифрлық активтер нарығын дамудың сапалы жаңа деңгейіне шығаруға ықпал етеді. Ұлттық банк жұмысты үйлестіріп, іс-шаралардың орындалу мерзімдеріне мониторинг жүргізеді.

Жиында цифрлық активтер саласын дамыту және оның өсуіне қолайлы жағдай жасау туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Solana Superteam KZ корпоративтік қоры және Блокчейн және цифрлық майнинг қауымдастығының басшылары баяндама жасады.

Бүгінде елімізде қажетті нормативтік база қалыптастырылып, Президенттің арнайы Жарлығы қабылданды. Ұлттық стратегиялық крипторезерв көлемі $700 млн-ға жетті. Ұлттық банктің реттеушілік ортасы шеңберінде 34 бизнес-жоба сәтті сынақтан өтті.

Премьер-министр базалық негіз қалыптастырылғаннан кейін тұтас экожүйе құру кезеңі басталатынын баса айтты.

«Мемлекет басшысы еліміздің технологиялық жаңғыруына қатысты маңызды міндеттер қойды. Цифрлық активтер саласы Қазақстан экономикасында мүлдем жаңа бағыт болып отыр. Оның дамуына қажетті негізгі жағдайлардың бәрі жасалды. Енді толыққанды экожүйені қалыптастыру кезеңі жүріп жатыр. Яғни, бұл инвестициялар мен жаңа технологияларды тартып, отандық қаржы секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Нақты активтерді токенизация жасауға баса көңіл бөлу керек. Бұл экономикаға қаражат тартудың тағы бір тиімді құралына айналады.

Бізде ірі инфрақұрылымдық жобалар, жылжымайтын мүлік нысандары, шикізаттық және басқа да активтер бар. Осы жобаларға қосымша қаражат тарту үшін токенизацияны пайдалануға болады. Яғни, салынып жатқан кез келген ғимаратты немесе жобаны инвесторлар қаржыландыра алатын цифрлық үлестерге бөлуге болады. Мұндай жобаға кез келген адам акционер ретінде қатыса алады.  Ұлттық банк активтердің нақты тізбесін айқындауы қажет. Олар инвестиция тарту үшін басым тәртіппен цифрлық нысанға ауыстырылуға тиіс. Бұл тетік мұқият реттеліп, жүргізілетін мәмілелердің қауіпсіздігіне кепілдік берілуі керек.

Осы айда Қаржылық мониторинг агенттігі криптовалюта түрінде шағын несие беру деген желеумен жүргізілген заңсыз әрекеттің жолын кесті.

Уәкілетті органдар алдағы уақытта да азаматтарды цифрлық ортада қорғауды қамтамасыз етуі қажет. Бұған жаңа Конституцияда кепілдік берілген. Жасанды интеллект министрлігі Ұлттық банкпен бірлесіп, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және осы саладағы заңнаманы жетілдіру бағытында белсенді жұмыс жүргізуге тиіс.

Аса маңызды бағыттардың бірі – цифрлық теңгені қолданысқа енгізу. Бұл жоба төлем инфрақұрылымын жаңғырту   және қаржы жүйесінің тиімділігін арттыру құралы ретінде жүзеге асырылуда. Цифрлық теңгенің криптовалюталардан айырмашылығы, ол – Ұлттық банк шығаратын орталықтандырылған цифрлық валюта. Яғни, заңды төлем құралы.

Сондықтан мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру цифрлық теңгені қолданудың маңызды нәтижесі болуға тиіс. Цифрлық теңге цифрлық қаржы сервистерін дамыту құралына айнала алады.

Цифрлық шарттарды бекіту мүмкіндігі мемлекеттік сатып алулар мен корпоративтік операцияларда есеп айырысу үдерістерін автоматтандыруға жол ашады. Қаржы министрлігі Ұлттық банкпен және басқа да мүдделі тараптармен бірлесіп, цифрлық теңгені қолдану аясын кеңейту үшін   барлық қажетті шараларды пысықтауы қажет.

Халықаралық зерттеу деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміз жаһандық биткоин майнингі саласына қатысу үлесі бойынша әлемдегі жетекші он елдің қатарына енді. Қазіргі таңда майнингтік қуаттардың көлемін арттырып қана қоймай   басқа бағыттарға да назар аударған жөн.

Атап айтқанда, бұл саладағы мемлекеттік саясат энергия тұтыну деңгейін бақылауды, салық салудың ашықтығын және саланың әлемдік цифрлық экономикаға интеграцилануын қамтамасыз ететін сапалы жұмыс моделін қалыптастыруға бағытталуы қажет.

Жасанды интеллект министрлігіне Блокчейн және майнинг қауымдастығымен, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп,   саланы одан әрі дамыту жөнінде қосымша шаралар әзірлеу тапсырылды. Биржаны, цифрлық құралдарды, токенизацияны, активтерді сақтау тетіктерін және төлем шешімдерін қамтитын толыққанды цифрлық майнинг индустриясын қалыптастыру қажет.

Энергетика министрлігі Жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп, майнинг орталықтарының қызметін қамтамасыз ету үшін газ және көмір генерациясын пайдалану тетігін пысықтауға тиіс.

Отырыс қорытындысы бойынша Үкімет басшысы жауапты ведомстволарға бірқатар тапсырма берді.

Бірінші. Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, цифрлық активтер нарығында бәсекеге қабілетті жағдайлар қалыптастыруы қажет.

Ұсынылып отырған шешімдер Қазақстан экономикасына капиталды қайтаруға, ішкі нарықты дамытуға және халықаралық қатысушыларды белсенді тартуға ықпал етуге тиіс.

Сонымен қатар Цифрлық активтер және төлем жүйелері комитетін құру жұмыстарын жеделдету қажет.

Екінші. Цифрлық активтер индустриясын дамыту – бұл тек қаржылық реттеу мәселесі ғана емес.

Аталған бағыттың негізінде заманауи технологиялар,   бағдарламалық шешімдер және жоғары білікті мамандар тұр.

Нарықтың дамуы ел ішінде қажетті құзыреттердің қалыптасуына ықпал етуге тиіс.

Жасанды интеллект министрлігіне Ғылым министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, құзыреттерді дамытуға және қазақстандық технологиялық компаниялардың пайда болуына қажетті жағдайлар жасауды тапсырамын.

Қазақстан цифрлық активтер айналымының алаңы ғана емес,   сонымен қатар осы сала үшін өз өнімдерін әзірлеп, жоғары білікті мамандарын даярлайтын ел болуы керек.

Үшінші. Цифрлық қаржы құралдарын дамыту халықаралық есеп айырысу жүйесін жетілдіру бағытында жаңа мүмкіндіктер ашады.

Қазақстан үшін мұндай шешімдердің әлеуетін дер кезінде бағалап,   осы бағытта өз құзыреттерін қалыптастыру маңызды.

Ұлттық банк мүдделі тараптармен бірлесіп, осындай құралдарды халықаралық есеп айырысуларда қолдану мүмкіндігін пысықтауы қажет.

Аталған тетіктер есеп айырысу жылдамдығын арттырып,   қазақстандық бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ете алатын   болашағы зор бағыттарды айқындау қажет.

Дереккөз: https://ortcom.kz/kk/novosti/1789461204