Денсаулық сақтау

“Айна-Көз” көз орталығында арнайы шеберлік-сағаты өтті

“Айна-Көз” офтальмологиялық орталығында білікті мамандардың қатысуымен шеберлік сабағы өтті. Іс-шараға қатысқан дәрігерлер операцияларды тікелей эфир арқылы тамашалай алды. Сонымен қатар, қатысушылар күрделі клиникалық жағдайларды емдеу тәсілдерін талдады. Бұл формат мамандарға операция барысын бақылап, тәжірибелі әріптестердің жұмыс әдістерімен танысуға мүмкіндік берді.

ОЛЕСЯ ЛЕОНТЬЕВА, “Айна-Көз” көз орталығының бас директоры:
– “Біз үшін ең маңыздысы – тәжірибе алмасу. Бұл арқылы іс-шараға қатысқан дәрігерлер, хирургтер білімін жетілдіріп, клиникамыздың мүмкіндіктерін өз тәжірибесінде кеңінен қолдануға мүмкіндік алады. Бүгінгі шеберлік сабағына ресейлік әріптестеріміз де келді”.

Іс-шара барысында көру қабілеті нашарлаған ер адамға операция жасалды. Ол катарактаға ұшыраған. Отаны “Айна-Көз” орталығының білікті маманы Сергей Бородкин жүргізді. Офтальмолог-микрохирург пациентке жаңа жасанды көз бұршағын орнатты.

СЕРГЕЙ БОРОДКИН, “Айна-Көз” көз орталығының офтальмолог-микрохирургі:
– “Пациенттің көзі жансыздандырылады. Содан кейін бұлыңғырланған көз бұршағы алынып, оның орнына мөлдір астигматикалық бұршақ қойылады. Ол алыс және орта қашықтықты анық көруді қалпына келтіреді. Мұндай оталарды жиі өткіземіз. Операция орта есеппен 10-15 минут уақытты алады”.

Іс-шараға Омбы қаласындағы Выходцев атындағы клиникалық офтальмологиялық аурухана мамандары да қатысты. Олардың қатарында, микрохирургия бөлімінің меңгерушісі, аталған өңірдің штаттан тыс бас офтальмологы Константин Щукин бар.

КОНСТАНТИН ЩУКИН, В.П. Выходцев атындағы клиникалық офтальмологиялық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары, Омбы қаласы, РФ:
– “Біз клиникаға экскурсия жасап, оның жоғары деңгейде жабдықталғанына көз жеткіздік. Мұнда пациенттер үшін өте қолайлы жағдай жасалған. “Айна-Көз” клиникасының мүмкіндіктері жоғары”.

Офтальмологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерімен танысып, біліктілігін арттыруға ниетті жандардың қатарында “Айна-Көз” орталығының дәрігер-резиденті Дмитрий Белоусов та бар. Жас маман микрохирургияға ерекше қызығушылық танытады екен.

ДМИТРИЙ БЕЛОУСОВ, “Айна-Көз” көз орталығының дәрігер-резиденті:
– ” “Айна-Көз” клиникасында катаракта және жалпы көз микрохирургиясы бағыты дамыған. Жас дәрігер ретінде өзім үшін мол мағлұмат алдым. Сондай-ақ, клиникадағы білікті микрохирургтердің жұмысымен таныстым. Көз – жанның айнасы. Оны емдеу – зор жауапкершілік. Сол себепті, білімімізді жетілдіріп, әрқашан ізденісте болу қажет”.

Айта кетейік, офтальмологиялық орталықта 27 жылдан астам уақыт ішінде 30 мыңнан астам адамға ота жасалған. Бүгінде халықаралық стандарттарға ие емдеу мекемесі облысымызда ғана емес, Қазақстанда, тіпті көршілес елдерде де танымал.

Улан Ыдырыс