Қоғам

СҚО-да қабан және елікті заңсыз атқан браконьерлер анықталды

Заң қатаңдаса да даласында аң жүгіріп, көлінен құс ұшқан өңірімізде заңсыз аңшылық фактілері тыйылмай тұр. Дәлел ұсынамыз. Ағымдағы жылдың басында Қызылжар ауданындағы ерекше қорғалатын аумақта қабан атылған. “Мерген” анықталып, 3,2 млн теңге көлемінде айыппұл арқалады. Бүгінде келтірілген залал толық өндірілді. Ал тамыздың ортасында Жамбыл ауданында елік атылды. Қазір оқиғаның мән-жайы қаралуда. Заң бойынша құқық бұзушы 1,6 млн теңге төлеуге міндеттелмек.

ҚАЙРАТ ҚАЛЫҚОВ, СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:
–  “Инспекцияның негізгі міндеттерінің бірі – жануарлар дүниесі саласындағы бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау және жолын кесу. Бұл ретте құқық бұзушылықтың ауырлығына қарай заңнамада әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделген. Аң аулау қағидаларын бұзғаны үшін ең төменгі жаза ретінде 10 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған, бұл 43 мың теңгеден астам соманы құрайды”.

Заңсыз аңға шығып, миллиондаған айыппұлмен үйге қайтқанша, жалпыға ортақ талаптарды ескерген жөн. Осыған байланысты Петропавлда ақпараттық-түсіндіру шарасы ұйымдастырылды. Оған қатысушы 100-ден астам аңшы табиғат аясында бас қосты.

ЕРҰЛАН БИМЕНДИН, СҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының прокуроры:
– “Соңғы 3 жылдың ішінде заң бұзған 3 мыңға жуық адам құқық қорғау және уәкілетті органдар тарапынан әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жануарлар дүниесіне келтірілген залалдың жалпы сомасы 25 млн теңгеден асып жығылды. Осыған байланысты аңшылықты ермек еткен жерлестерімізді жиып, «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Браконьерлікке жол жоқ!» атты ауқымды акция өткізудеміз. Біздің мақсатымыз – аңшыларды табиғатты қорғауға шақыру, заңнама нормаларының талаптарын түсіндіру”.

«Браконьерлікке жол жоқ!» атты акция барысында аңшыларға арнайы жаднама қағаз да таратылды. Онда аңшылық уақыты, нендей талаптардың ескерілуі керектігі бойынша деректер жазылған.

СЕРГЕЙ СЛЕПЦОВ, «Солтүстік Қазақстан облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамы» ҚБ төрағасы:
– “Аңшы үшін ең бастысы – тиісті құжаттарының болуы. Яғни, өзімен бірге аңшылық туралы жолдамасы, қаруға рұқсаты сынды құжаттары болғаны жөн. Тұяқты жануарларды аулау үшін лицензия керек, ал құстарды ату үшін сол төңірекке жауапты шаруашылықпен келісім куәлігі қажет. Осылар болса және аңшы нені олжалағанын жолдамасына жазып отырса, ешқандай мәселе туындамайды. Мұны бәрі біледі, бірақ кейбірі әуреленіп, ресми жұмыстармен жүргісі келмейді”.

Айта кету керек, облыста аңшылыққа жататын жануарлардың 27 түрі және жойылып кету қаупі бар, Қызыл кітапқа енгізілген 11 жануар түрі мекендейді.

Нурасыл Ахмет