Қоғам

Алтын Орда дәуірі: Даладағы байланыс жүйесі

Алтын орда дәуірі дегенде көз алдымызға тек шапқыншылық және жаумен жаға жыртысқан бабаларымыз келеді. Алайда, бұл – қате түсінік. Орта ғасырда қазақ жеріне далалық коммуникациялық жүйе жеткен. Оны көбі біле бермейді. Сабан ішінен ине іздеген адамдай тер төккен ғалымдар тарихи деректерді ақтарып, тайға таңға басқандай фактілерді жариялады. Осыны көпшілікке жеткізу мақсатында Қозыбаев университетінде дөңгелек үстел жиыны өтті. Шара шымылдығын облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев ашты.

РУСЛАН ӘЛІШЕВ, СҚО әкімі аппаратының басшысы:
– “Бүгінгі жиынның өңір үшін маңызы зор. Себебі, СҚО – географиялық шеті ғана емес, бұл ұлы даланың сан ғасырлық тарихының маңызды маңызды оқиғалары өткен мекен”.

Алтын орда дәуірінде ұлан-ғайыр даладағы билікті бір орталықтан басқару оңай болмаған. Мыңдаған шақырымға созылған аумақта ақпаратты жедел жеткізу үшін арнайы қатынас жүйесі қалыптасты. Атты шабармандар, бекеттер мен керуендер. Осылар арқылы әлемді өзіне қаратқан мемлекет қалыптасты, талай соғыс жеңіспен аяқталды. Біз – ұлы өркениеттің ұрпағымыз. Сондықтан төл тарихымыз жайлы білуіміз қажет. Алтын орданың теріскейге де тікелей қатысы бар. Себебі, облыстан сол кезеңге жататын бірнеше археологиялық нысан табылған.

МЕРУЕРТ ҚИЯСБЕК, Ә.Марғұлан атындағы археология институты СҚ филиалының директоры:
– Қызыл оба ескерткіші табылған артефактілердің мерзімделуіне қарай Алтын орда дәуіріне жатады. Жошы ұлысына тән. Сонымен қатар, биыл Қызылжар ауданындағы Ақ Ирий қалашығынан да орта ғасырға тиесілі экспонаттар табылды.

Шараға 100-ге жуық адам қатысты. Оның ішінде теріскейлік тарихшылар мен студенттер бар.

Нурасыл Ахмет