Қазақстанда трансплантация бойынша “күту парағында” тұрған науқастар өте көп. Бірақ, ағза донорлығы дамымай тұр. Дәлірек айтсақ, қайтыс болған жандардың жақындары марқұмның мүшесін алуға қарсылық танытады. Дәрігерлердің сөзінше, қазір елде көбінесе туыстық трансплантация бойынша ғана оталар жасалуда.
ӘДІЛХАН ҚАБДУОВ, өңірлік трансплантациялау координаторы:
– “Облыста 100-ден астам адам ағза донорын күтіп отыр. Оның 87-сі бүйрек трансплантациясына мұқтаж. Арасында кәмелет жасқа толмаған бір бала бар. Биыл өңірде жақынының ағзасын беруге 1 отбасы рұқсат етті. Ал ел бойынша осы игі іске барған жанұялардың саны небәрі 10-нан асады”.
Осыны ой елегінен өткізсек, саладағы өзгеріс көлге тамған тамшымен бірдей. Статистика көңіл көншітпейді. Елде 400-ге жуық адам донор таппай қайтыс болады. “Ал мәйіттік трансплантацияны дамытатын болсақ, қаншама науқастың өмірін құтқарып қалуға болады”, – дейді мамандар. Осы тұста назар аударатын тағы бір жайт бар. Трансплантацияға келісім бергендердің барлығы бірдей “құтқарушы” бола алмайды. Әрбіреуінің мүшесі медициналық талаптарға сай тексерістен өтеді.
ӘДІЛХАН ҚАБДУОВ, өңірлік трансплантациялау координаторы:
– “Елімізде 12 мың адам “Egov” порталы арқылы донор болуға келісімін берген. Оның 400-і – теріскейлік. Бірақ, біз бәрібір де туыстарының рұқсатын алуға міндеттіміз. Сонымен қатар, өңірде 2500 адам ресми түрде өз мүшесін өзгеге беруден бас тартыпты. Айта кету керек, аймақта ағза транплантациясы бойынша операция істелмейді. Мұндай оталар тек Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларында жасалады”.
Елімізде адам ағзасын трансплантациялау мәселесі жиі талқыланып жүр. Қоғамда бұл тақырыпқа қатысты көзқарас қандай? Ислам дінінде трансплантацияға рұқсат етілген бе? Өзекті мәселе жайлы облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің наиб имамы Аман Мұхамеджаннан сұрап көрдік.
АМАН МҰХАМЕДЖАН, облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің наиб имамы:
– “Марқұм қайтыс болмас бұрын ағзасын беруге рұқсат етуі қажет. Ота мемлекеттің қорғауындағы мекемелерде жасалуы міндетті. Сонымен қатар, реципиенттің мүшесі донорға жарамды деген анықтама болуы тиіс”.
Трансплантация – әлемдік тәжірибе. Қазір дамыған мемлекеттер осы тәсіл арқылы науқастарды аяққа тұрғызуда. Мамандардың айтуынша бір донор 4 адамның өмірін құтқара алады екен.
Нурасыл Ахмет