Ауыл шаруашылығы

Аққайыңдықтар үшін берекелі жыл

Аққайың ауданындағы Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының алқаптарында берекелі науқан қызу жүріп жатыр. Биыл мұнда 20 мың гектар жерге егін егілді. Дәнді, дәнді-бұршақты, майлы дақылдармен қоса мал азығы бар. Қазір жалпы күзгі жиым-терімнің 60 пайызы аяқталды. Шығымдылыққа әдеттегідей көңіл толады.

МАКСИМ ДАВЫДЕНКО, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының бас агрономы, Аққайың ауданы:
– “Тиісті шараларды дер кезінде жүргізудің маңызы зор. Қыста ауқымды қар ұстау жұмыстарын атқардық, уақытында егіске шықтық. Тағы жазғы күтім бар. Астықтың сапасы өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Дән маңызы 30 пайыздан асып жығылады”.

Станция қолдаусыз қалмайды. Мұндағы мамандар жыл сайын жеңілдетілген дизель отыны мен субсидияланған тыңайтқыш алады. Тыңғылықты еңбек пен мемлекеттің демеуі өз жемісін беруде.

ОЛЕГ СОЛОВЬЕВ, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы басқарма төрағасының орынбасары, Аққайың ауданы:
– “«Кең дала-2» бағдарламасына жыл сайын қатысамыз. Өте тиімді дер едім. Біз субсидиясы 60 пайызға дейін жететін арзан тыңайтқыш аламыз. Мұның бәрі негізгі бағытымыз – ғылыми салаға да әсер етеді. Мәселен, қолжетімді тыңайтқыш алудың арқасында үлкен алқаптарда сынақ жүргізе аламыз. Яғни, қолдау жақсы өнім жинауға ғана емес, ғылым тұрғысында алға басуымызға да әсер етеді”.

.

Аққайыңдық мамандар орақ науқанын айдың соңына дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, бүгінде мұндағы құнарлы алқаптарға күздік дақылдар қатар себілуде. Демек, енді станция өкілдері сол өнімді күтіп-баптауға кіріседі.

Жаннур Бектурганова