“Ана тіл – әр халықтың қастерлі құндылығы. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл”. Бұл – Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының сөзі. Қыркүйектің 5-ші жұлдызында тау тұлғаның туған күні және Қазақстан халқы тілдері күні аталып өтіледі. Осыған орай Петропавлда “Ана тілім – ажарым, асыл мұрам” атты әдеби-музыкалық кеш өтті. Тағылымы мол жиында зиялы қауым өкілдері сөз алып, ғажап тіліміз жайлы пікір білдірді.
ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, жазушы, журналист:
– “Тілі жоғалған ұлт, өзі де жоғалады. Ондай елдер көп. Біз солардың кебін киеміз бе деп қорқам. Ол үшін ата-ана үйде қазақша сөйлеуі тиіс. Мектепте балаларға “қазақ тілінде сөйлеңдер” деп талап қойылуы қажет”.
Кезінде Алаш арыстары тіліміз, ұлтымыз жоғалып кетпес үшін күш салды. Солар бүгінгі жастарға үлгі болуға тиіс. Ұлттық ұланның Петропавлдағы 6637 әскери бөлімінде ана тілімізге ерекше көңіл бөлінеді. Сарбаздары қазақ тілінде сабақ оқиды, өлең жаттайды, ән де айтады.
АЗАМАТ КҮНШЫҒАРОВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің жауынгері:
– “Осы сияқты шараларға жиі қатысамыз. Бос уақытта домбыра тартамыз. Қазақ тілінде өлеңдер айтамыз. Тарихи киноларды көреміз”.
“Ана тілім – ажарым, асыл мұрам” атты әдеби-музыкалық кеште жергілікті тіл жанашырларының жұмысы қорытындыланып, жеткен жетістіктері сөз болды.
Нурасыл Ахмет