ЖАННҰР БЕКТҰРҒАНОВА, тілші:
– Тарихы бір ғасырға таяп қалған Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжі – көпке танылған оқу орны. Оқыту базасын, ұстаздарын жоғары бағалайтындар жетерлік. Ал танымал түлектері жайлы айтсақ, кеш батырып, таң атыруға болады. Бүгін білім ұясы жас буынның кезекті легіне есігін айқара ашты.
Мерекелік іс-шара Қарасай мен Ағынтай батыр ескерткішінің алдында өтті. Білім күні 500-ге жуық студент жиналды. Ән айтылып, би шырқалды. Жаңа оқу жылы қарсаңында білім ордасының дәріс кабинеттері жаңартылып, материалдық-техникалық базасы ауыстырылды. Колледж өкілдерінің айтуынша, студенттерге сапалы білім беруге барлығы толығымен дайын.
АЛМАТ МАКИШЕВ, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:
– Біздің басты міндетіміз – студенттің бойында отансүйгіштік, еңбекқорлық, адалдық, елге деген патриоттық сезімдерін, кәсібилік пен жанашылдық тәрбиелеуді көздейміз. Жаңа оқу жылы барша жаңа қабылданған студенттерге шығармашылық табыс, жетістіктер әкеле берсін.
Биыл колледжге өңірдің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық студент қабылданды. Алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылын бастауға асыққан жастардың қуанышында шек жоқ. Колледж табалдырығын алғаш аттаған бірінші курс студенттері өз әсерлерімен бөлісті.
Айта кету керек, Петропавл Гуманитарлық-техникалық колледжіне жастар 9 және 11-ші сыныптан кейін түсе алады. Мұнда есепші, механик-техник, радиотехник, маркетолог, туристік агент, бағдарламалық қамтамасыз ету сынды 10 мамандық бойынша оқиды. Сонымен колледждегі студент саны мыңға жуықтап отыр. Алыстан келген жастарға 235 орындық жатақхана қарастырылған.
Жаннур Бектурганова