Қоғам

1 алтын және 1 күміс: боксшылар халықаралық турнирде ерледі

Жақында Қостанай қаласында Кеңес Одағының еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада ойындарының жүлдегері Александр Мирошниченконы еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир өтті. Дүбірлі додаға Солтүстік Қазақстан облысынан 3 спортшы қатысты. Намысты жерлестеріміз жеңіс тұғырынан көрінді.  Қанжығасын алтынмен майлаған толағай – Никита Касторнов. Былғары қолғап шебері 85 келі салмақ дәрежесінде 3 кездесу өткізіп, барлығында басым түскен.

НИКИТА КАСТОРНОВ, бокстан халықаралық турнирдің жеңімпазы:
– Турнирге қызу дайындалдық. Қарағанды қаласында оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Сайыстағы алғашқы кездесу мен үшін ерекше маңызға ие болды. Себебі, осыдан бір ай бұрын астаналық қарсыласымнан жеңілген едім. Бұл жолы есе қайтардым. Кейін қытайлық боксшыны жеңдім, ал финалда Ақтөбе облысының өкілін ұттым. Бокспен 4 жылдан бері айналысамын. Бұған дейін грек-рим күресімен шұғылдандым. Қазіргі нәтижеме көңілім толады. Дегенмен, әлі де жетілдіретін тұстар мен түзейтін қателер бар.

Жуан жұдырықты боксшылардың додасында жерлесіміз Алина Ғарап та сәтті өнер көрсетті. Бұрымды 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 2 кездесу өткізіп, күміс медаль еншіледі.

АЛИНА ҒАРАП, бокстан халықаралық турнирдің күміс жүлдегері:
– Бірінші кездесуде Ақмола облысынан келген спортшымен жұдырықтастық. 3 раунд та тартысқа толы өтті. Төрешілердің шешімімен жеңіске жеттім. Екінші кездесуде қызылордалық қыздан жеңіліп қалдым. Мол тәжірибе жинап қайттым. Алар асуым әлі алда.

Дәстүрлі додаға Қазақстанның барлық облысынан және көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай сынды елдерден келген 100-ге тарта былғары қолғап шебері қатысты. Өңіріміздің бас бапкері Денис Языков шәкірттерінің нәтижесіне дән риза.

ДЕНИС ЯЗЫКОВ, бокстан СҚО аға жаттықтырушысы:
– Турнирге дейін спортшылар жалпы дене дайындығы бойынша оқу-жаттығу жиындарынан өтті. Сондай-ақ, Қарағанды қаласында Ирак ұлттық құрамасының боксшыларымен шеберлік алмастық. Жарысқа 3 спортшымыз ғана барды. Себебі, бұл турнир тек ауыр салмақта өнер көрсететін боксшылар арасында өтті. Шәкірттерім жақсы өнер көрсетті. Енді алдағы жарыстарға дайындықты күшейтеміз.

Айта кетейік, енді теріскейлік бокшылар қазан айында Тараз қаласында өтетін Қазақстан чемпионатына дайындалатын болады. Ел біріншілігінде көзге түскендер Ұлттық құрама сапына шақырту алады.

Улан Ыдырыс