БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Құрылтай депутаттарын сайлау күні жылжымалы урна ұстаған мамандар да жұмыс істеп жатыр. Осындай урнаның бірін денсаулық сақтау саласының өкілдері қолға алған. Қазір олар емдеу мекемелерін аралап, дауыс берушілердің бюллетеньдерін жинауда. Біз қазір облыстық перинаталдық орталыққа келдік.
Әр адамның дауысы маңызды! Осындай ұран ұстанған сайлау учаскесінің өкілдері облыстық көпбейінді балалар ауруханасында және облыстық ауруханада болып, емделушілердің таңдауын жинаған. Перинаталдық орталықта 30 жуық әйел саяси науқанға қатысуға құқылы. Солардың бірі – жақында ғана қызын бауырына алған Кристина Терехова. Қала тұрғыны өміріндегі ең бақытты күндердің осындай маңызды шарамен тұспа-тұс келгеніне қуанышты.
КРИСТИНА ТЕРЕХОВА, қала тұрғыны:
– Қызымды мерзімінен бұрын дүниеге әкелдім. Есімін Эвелина деп қойдық. Сайлауға қатысуды ұйғардым. Болашақта қызыма осы күндер және осы ерекше оқиға туралы айтып беремін. Дауыс берудің маңыздылығын түсінемін. Жағдай жасаған, көмек қолын созып жатқан медицина қызметкерлеріне алғыс білдіремін.
Облыстық перинаталдық орталықтың қызметкерлері де Құрылтай депутаттарын сайлауға жауапкершілікпен қарайды. Олардың басым бөлігі таңда өздері тіркелген учаскелерге барып, дауыс берген екен.
ЕЛЕНА КАЛЮЖНАЯ, облыстық перинаталдық орталықтың директоры:
– Біздің жеке сайлау учаскеміз жоқ. Дегенмен, ел тарихындағы аса маңызды шарадан қалыс қалмаймыз. Облыстық ауруханадан арнайы өкілдер келіп, дауыс жинап әкетті. Біз өз тарапымыздан барлық қажетті жағдайды жасадық. Мына жерде жаңа босанған және сәбилерімен бірге ем қабылдап жатқан аналар таңдау жасады. Енді жүктілік патологиясы бөлімшесіне барамыз. Онда жүкті қыз-келіншектер азаматтық ұстанымдарын білдіреді.
23-ші тамыз – Құрылтай сайлауы күні таңғы 10-ға дейін облыстық перинаталдық орталықта 2 сәби дүниеге келген. Ұл мен қыз өмір есігін ашты. Ал дәл дауыс беру басталар кезде болашақ 3 ана туу залына жіберілді.
Байболат Култанов