Петропавлда Абылай ханның 315 жылдығына орай “Абылай хан мұрасы: тарих, тағылым және ұлттық құндылықтар” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Басты мақсат – үш жүздің басын біріктірген ұлы тұлғаның тарихтағы орнын кеңінен зерделеу, артынан қалдырып кеткен мұрасын жас ұрпаққа насихаттау. Шараға арнайы келген тарих ғылымдарының докторы Болатбек Нәсенов ондаған жылдар бойы данқты қолбасшыны зерттеген. Оның сөзінше, Әбілмансұр “Ақтабан шұбырынды” заманында ерте жетім қалып, Төле бидің қолына жіберіледі. Шоқан Уәлихановтың жазбаларында Абылай хан бидің малын бағып күн көргені жазылған. Сол кезеңде оған “Сабалақ” есімі беріліпті.
БОЛАТБЕК НӘСЕНОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
– Абылай хан орта бойлы, өте сабырлы адам болды. Көп сөйлемеген. Егер біреу оған ашуына тиетін сөз айтса, жауап бермей кетіп қалған. Бірақ, сол адам қайта айналып келіп, өзінің қате екенін айтып, Абылайдан кешірім сұраған.
Әбілмансұр Төле бидің тәрбиесі мен берген кеңестерінің арқасында мықты қолбасшы бола білген. Абылай хан мұсылмандық білім алған, шығыстың бірнеше тілін жетік меңгерген. 15 жасынан жоңғарларға қарсы күреске қатысып, жауынгерлік қабілеттерін шыңдай бастайды. Ал 20 жасқа келгенде жоңғардың батыры Шарышты жеңіп, ел алдындағы беделі көтеріледі. Бұл жеңістен соң оған Арғын руын басқару сеніп тапсырылған.
БОЛАТБЕК НӘСЕНОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
– Абылай ханның өндіріске, халықтың әл-ауқатына ерекше көңіл бөлді. Солтүстікте егін шаруашылығы Абылай ханның кезінде басталды.
Шарада сөз сөйлеген академиктердің сөзінше, 1755 жылы 200 жүз жылдық тарихы бар қазақ-жоңғар соғысы Абылайдың көрегенділігінің арқасында жеңіспен аяқталады. Бұл Қытай мен Ресей елінде алаңдаушылық туғызады. 1756 жылы алғаш аталған мемлекет бізге шабуыл жасайды. Бірақ, данқты қолбасшының дипломатиялық тәжірибесінің арқасында соғыс 1757 жылы тоқтатылады. Батыр жайлы бар ақпар облыстық кітапхананың бірінші қабатында жайылған көрмеде де көрсетілді.
ФАРИДА НҰРҒАЛИЕВА, “Абылай хан резиденциясы” музей кешенінің экскурсия жүргізушісі:
– Абылай ханның 12 әйелінен 30 ұлы мен 40 қызы болған. Шоқан Уәлиханов 19 ұлының есімін тапқан. Ал отандық зерттеушілердің арқасында тағы 7 ұлының есімі белгілі болды. Қалғаны әлі де беймәлім.
Айта кету керек, Абылай хан 1781 жылы Арыс өзенінің бойында көз жұмған. Денесі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген.
Нурасыл Ахмет