Kurultai banner mobile

Қоғам

“Жеке менеджер”: ХҚКО-да жаңа сервис түрі енгізілді

Қазіргі уақытта Петропавлдағы №2 халыққа қызмет көрсету орталығында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Басқа бөлімшелерге түсетін жүктеме де күрт артқан. Осыған байланысты жаңа сервис іске қосылды. Егер азаматтар кезекте ұзақ тұрғысы келмесе, олар “Жеке менеджер” атты арнайы балама қызметті пайдалана алады.

АНАР ҚҰСАНОВА, “Азаматтарға арналған үкімет” МК” КЕ АҚ СҚОФ PR-менеджері:
– Жыл басынан бері орталықта “Жеке менеджер” сервисі жұмыс істейді. Бұл қызмет барлық фронт-офистерде, Петропавл қаласының Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында, сондай-ақ көшпелі персональды менеджер форматында қолжетімді. Сервисті пайдалану үшін орталыққа келуші тіркеу орнына барып, шарт жасасуы қажет. Содан кейін орталық менеджері азаматты мемлекеттік қызмет алудың барлық кезеңдерінде сүйемелдейді.

Бұл ақылы сервис. Қызметтің құны фронт-офистерде 5 697 теңгені, ал Халыққа қызмет көрсету орталығында 6 306 теңгені құрайды. Сонымен қатар, азаматтар 1414 нөмірі немесе орталықтың сайты арқылы жүгініп, үйден шықпай-ақ көшпелі менеджерді шақырта алады. Оның құны 7 447 теңге болады. Алайда, көшпелі менеджер арқылы төлқұжат, жеке куәлік, жүргізуші куәлігін рәсімдеу және көлікті қайта тіркеу қызметтерін ала алмайсыз. Ал ардагерлер, мүгедектігі бар жандар және өздігінен жүріп-тұра алмайтын жеңілдік санатындағы азаматтар ақша төлемейді.

Сервис облыстың барлық Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жұмыс істейді. Мамандардың дерегі бойынша осы уақытқа дейін бұл қызметті өңірімізде 2 мыңға жуық солтүстікқазақстандық пайдаланып үлгерген.

Жаннур Бектурганова