Петропавлдағы Ахмет Байтұрсынов атындағы №9 орта мектепте педагогтердің қалалық Тамыз конференциясы өтті. Ұлағатты ұстаздар өткен оқу жылын саралап, жаңа оқу жылына қойылатын нақты міндеттерді айқындады. Бұдан бөлек іс-шара барысында педагогтер тәжірибе алмасып, білім беру саласындағы жаңа бағыттарды талқылады. Іс-шараға Жібек Жамұлдинова да қатысып отыр. Ол – Жұмабек Тәшенов атындағы №20 орта мектептің директоры. Айтуынша, алдағы оқу жылында басты назар – оқушыға сапалы білім берумен қатар, жасанды интеллект құралдарын тиімді меңгерген, экологиялық мәдениеті қалыптасқан, жауапкершілігі жоғары әрі заң мен тәртіпті құрметтейтін азамат тәрбиелеуге бағытталады.
ЖІБЕК ЖАМҰЛДИНОВА, Ж.Тәшенов атындағы №20 орта мектептің директоры:
– Өзім бүгінгі кеңесте мектебіміздің тәжірибесімен бөлісіп, өткен жылғы жетістіктерімізді саралап, жаңа оқу жылына арналған 7 негізгі қадамды таныстырдым. Олардың қатарында “10–15 минуттық мектеп” жобасын енгізу, ата-аналармен жұмысты күшейту, тәртіп пен жауапкершілікті арттыру, сондай-ақ дебат қозғалысын одан әрі дамыту бар. Мектебіміздің оқушылары да түрлі байқауларда өз қабілеттерін көрсетіп келеді. Мәселен, оқушымыз Табылды Аружан республикалық дебат турнирінде “Ең білімді оқушы” номинациясын жеңіп алды.
Іс-шараға қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Рақышева да қатысты. Оның сөзінше, баланың білімі мен тәрбиесі балабақшада толығады. Дәл осы кезеңде жеткіншектің қоршаған ортаға деген түсінігі қалыптаса бастайды. Сол себепті, өңірде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмысына ерекше көңіл бөлінуі қажет.
ДИНАРА РАҚЫШЕВА, қалалық білім бөлімінің басшысы:
– Бүгінде өңірде 50 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 16-сы – жекеменшік балабақша. Аталған ұйымдарда 353 тәрбиеші еңбек етеді. Мектепке дейінгі ұйымдарға балаларды қабылдау жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Өткен оқу жылында бүлдіршіндерді балабақшамен қамту көрсеткішін арттыру бойынша жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар, жыл соңына дейін тағы 22 мектепке дейінгі ұйымды іске қосу жоспарланған. Бұл балабақша кезегін азайтып, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуға мүмкіндік береді.
Білім беру жүйесінің тиімділігін айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі – мектептегі білім сапасы. Былтыр оқу жылының қорытындысы бойынша өңірде ол 78 пайызды құрады. Ал жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша бұл көрсеткіш 82 пайызға жеткен екен.
Жансая Дербисова