Өңірімізде 15 тамыздан бастап «Назар – балаларға» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Полицейлер құқық қорғау органдарының өкілдерімен және әлеуметтік педагогтермен бірлесіп, ерекше назардағы отбасыларды аралады және кәмелет жасына толмаған ұл-қыздар болуы ықтимал орындарды тексерді. Мақсат айқын.
ЗАРИМА ЖАКИНА, Петропавл қаласы ПБ ювеналдық полиция бөлімшесінің аға инспекторы:
– Кәмелетке толмағандардың жаппай жиналатын және демалатын орындарды тексеру. Түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүрген кәмелетке толмаған жасөспірімдерді анықтау. Сонымен қатар, профилактикалық есепте тұрған кәмелетке толмағандарға бақылау күшейту. Жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Құқық бұзушылықтардың және оқиғалардың алдын алуға ерекше назар аударылады.
Тәртіп сақшылары қаламыздағы түнгі ойын-сауық орындарының бірінде жұмыс істеген 16 жастағы даяшы қызды анықтады. Мекеме иесі мен кәмелетке толмаған қыздың ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, полицейлер есепте тұрған отбасыларды тексеруде. Табалдырық аттаған үйлердің бірінде бұған дейін кішкентай баланың құқығы мен мүддесін қорғау бойынша мәселе туындаған. Жағдаймен танысу барысында жанұядағы ахуал тұрақталмағаны анықталды. Алдағы уақытта анасынан ата-ана құқығынан айыру қаупі төніп тұр. Екі күн ішінде полицейлер 23 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның 21-і – түнгі уақытта көшеде жүрген жасөспірімдер. Шенділер ата-аналарды балаларының қайда және кіммен уақыт өткізетінін бақылауға шақырады.
Аружан Султанова