Теріскейден еліміздің атын төрткіл дүниеге танытқан талай спортшы шықты. Олардың қатарында Әлем, Азия, Олимпиада чемпиондары да бар. Қазіргі таңда ұлттық құрамаға 357 жерлесіміз мүшелік етеді. Бұл – облыс бапкерлерінің қажырлы еңбегінің нәтижесі. 16-ші шілде – Спорт күні қарсаңында “Qyzylzhar” креатив орталығында арнайы іс-шара өтті. Оған қала әкімінің орынбасары Сергей Мелехов қатысты. Ол ең алдымен жиналған жұртшылықты келе жатқан мерекемен құттықтады.
СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:
– Бүгінгі іс-шараға спорт ардагерлері, спортшылар, фитнес-клуб қызметкерлері қатысып отыр. Қала әкімі атынан баршаңызды Спорт күнімен құттықтаймын. Петропавлда бұқаралық спортты дамытуға жүйелі түрде көңіл бөлініп келеді. Бүгінде облыс орталығында 251 спорт нысаны жұмыс істейді. Олардың қатарында стадиондар, бассейндер, хоккей корттары мен футбол алаңдары бар. “Қазақстан халқына” қорының қаражатына Ойқала шағын ауданында 2 спорт залы салынуда. Ал “Қызылжар” балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің базасында облыстық бюджет есебінен футбол манежі бой көтеріп жатыр. Ал келер жылы шаһарда инклюзивті спорт орталығын ашу жоспарланған.
Іс-шара барысында қала әкімінің атынан спорт саласының үздіктері марапатталды.
ИВАН ВАН-ХОН-ТУН, муай-тайдан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы:
– Спорт күні ерекше форматта атап өтілуде. Шара барысында спортшылардың көрсетілімдері ұйымдастырылып, қала әкімі атынан құттықтау айтылып, жүлделер табысталды. Биыл спортшыларымыздың жетістігі жоғары. Қазақстан чемпионатында қалалық құрама 10 алтын медаль жеңіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Ал Әлем чемпионатында 2 спортшымыз чемпион атанып, тағы 2-еуі қола жүлдеге ие болды. Бұл атқарылған жұмыстың нәтижесі деп есептеймін.
Облысымызда жыл сайын 1 200-ден астам спорттық іс-шара өткізіліп, оларға шамамен 230 мың адам қатысады. Айта кетейік, биыл солтүстікқазақстандық спортшылар түрлі деңгейдегі жарыстарда 548 медаль жеңіп алды. Оның 198-і – алтын, 173-і – күміс, 177-сі – қола медаль.
Улан Ыдырыс

