Кәсіпкерлер үшін жағымды жаңалық! Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте өткен кеңесте бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталықтарын құру тұжырымдамасы таныстырылды. Пилоттық жоба «Даму» қорының еліміздің 5 өңірлік филиалы базасында жүзеге асырылады. Тізімде Солтүстік Қазақстан облысы да бар. Орталықтың негізгі мақсаты күрделі жағдайға тап болған іскер жандарға көмек қолын созу болмақ. Қыркүйектен желтоқсанға дейін созылатын бастаманың қорытындысы бойынша жаңа тетіктің тиімділігін бағалау жүргізіледі Сол бойынша жобаны Қазақстанның барлық аймағына тарату шешімі қабылданады.
ФАРХАТ СӘРСЕКЕЕВ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ төрағасы:
– Қолдау орталықтарын құру кезінде «Атамекен» ҰКП проблемалық мәселелер тізілімінен 2,4 мыңнан астам ШОБ өкілінің өтінішіне талдау жасалды. Оның 600-ден астамы пилоттық жобаны іске қосу жоспарланған өңірлерден келіп түскен. Бизнес өтініштерінің негізгі бөлігі қаржыландыруға қол жеткізу, берешекті қайта құрылымдау, мемлекеттік қолдау шараларын алу, салық, өнімді өткізу, кәсіпкерлік құзыреттерді дамыту бойынша консультациялар туралы. Сондай-ақ сұраныстардың едәуір бөлігі АӨК секторына қатысты. Бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталықтары дәл осы бағытта жұмыс істейді.
Байболат Култанов

