Kurultai banner mobile

Қоғам

Петропавлдық тұрғын көпқабатты үйдің ауласын баққа айналдырды

АРУЖАН СҰЛТАНОВА, тілші:
– Ертегілер әлемі дейміз бе әлде ғажайып мекен дейміз бе? Мүмкін жанға шаттық сыйлап, бас айналдыратын бақ дерміз? Теңеудің неше түрлісін айтуға болады. Алайда, бұл – қарапайым көпқабатты үйдің ауласы. Оны өзге емес, еңбексүйетін тұрғын ерекше құлпыртып қойған.

 

Бұл жұмыстың артында тазалықты, тәртіпті, сұлулықты жаны сүйетін Бақытжан Әділов тұр. 65 жастағы зейнеткер жылдар бойы тер төгіп келеді. Ол Новый көшесі бойындағы 110-шы үйдің ауласын көркейтуге бақандай 18 жылын арнаған. Қазір құлпырған аумақ үлкенге де, кішіге де жан рахатын әрі шаттық сыйлайды. Балаларға арналған ойыншықтар, әткеншектер, түрлі-түсті бояулар, жалаулар, қолөнер жұмыстары, әдемі гүлдер мен ағаш бұтақтары. Әрқайсысы асқан шеберлік және мейірімділікпен пайда болған. Көздің жауын алатын туындыларға көршілер ұқыптылықпен қарайды. Олар Бақытжан Әділовты ерекше құрметтейді.

БАҚЫТЖАН ӘДІЛОВ, қала тұрғыны:
– Сенбілік болған кезде көршілер шығып, көмектеседі. Сырлайды, әктейді. Алғыстарын білдіреді. Көрші аулалардан балалар келіп, ойнап кетеді. Біздің ауламыздың бір ерекшелігі – бізде әртүрлі ойыншықтар бар, балалардың армандауына, қиялдауына, өсуіне септігін тигізеді.

Ағамыз өсімдіктерді ерекше жақсы көреді екен. Күн сайын ауланы аралап, иісі мұрын жаратын гүлдерді қарап, тамсанып шығады. Бұл аулада жарты сағат болсаңыз да ерекше сезімді бастан кешіресіз. Бойыңызды таңданыс сезімі билейді, шаршауды ұмытасыз. Тұрғындар үшін нағыз ғажап мекен. Олар серуендеу үшін алысқа бармайды, балаларымен осы төңіректе таза ауа жұтады, алаңсыз ойнайды.

НАДЕЖДА ВИЛКОВА, қала тұрғыны:
– Бүкіл мадақ пен мақтауға осы кісі лайықты. Өйткені, ауланы өзі жинайды, сыпырады, гүлдерді суарып, артық бұтақ-ағаштарды кесіп отырады. Ар жақтағы бақшаны да өзі әдемілеп қойған. Өте еңбекқор азамат. Оған деген алғысымыз шексіз. Біздің арамызда осындай адамдар көп болса, қаламыз, еліміз гүлденіп кетер еді.

Бір қызығы, ағамыз ауланы абаттандыруға қажетті заттарды алыстан іздемейді. Тұрғындар қоқысқа шығарып тастаған дүниелерді кәдеге жаратады екен. Бұл – көпшілік сабақ аларлық іс.

Аружан Султанова