Петропавлдық полицейлер де “Қауіпсіз жол” жедел алдын-алу іс-шарасын өткізіп жатыр. Оның барысында мамандар қызметтік темір тұлпармен де, жаяу да жалпыға ортақ ереженің бұзылмауын қадағалауда. Егер бұзушылық анықталған жағдайда ескерту жасалады немесе заң аясында жаза қолданылады. Полицейлердің сөзінше, қауіпсіздік белдігін тақпай көлік жүргізетін жандар көп. Рөлде отырып, телефонмен сөйлесетіндер де азаймай отыр. Бүгінгі рейд барысындада мұндай 1 дерек тіркелді. Жалпы, “Қауіпсіз жол” жедел алдын-алу іс-шарасы 10 тамыздан бастап жүргізіліп жатыр. Ол 3 күнге жоспарланған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, рейдттің басты мақсаты – айыппұл салу емес, керісінше жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілерді тәртіпка шақыру.
ҚУАНЫШ СҮЛЕЙМЕНОВ, Петропавл қаласы патрульдік полиция батальоны ротасының командирі:
– Негізгі мақсатымыз – жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алып, жол-көлік оқиғаларына жол бермеу. Рейд жұмыстарының алғашқы күнінде, яғни 10 тамызда патрульдік полиция батальонының қызметкерлері көлікті мас күйінде басқарған 7 жүргізушіні, қарсы бағытқа шыққан және жолаушыларды заңсыз тасымалдаумен айналысқан 8 азаматты анықтады. Сондықтан барша жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, талаптарды бұзбауға шақырамыз.
“Қауіпсіз жол” жедел алдын-алу шарасы 12-ші тамызда аяқталады. Айта кетейік, жалпы жыл басынан бері өңірдегі жол-көлік оқиғаларының салдарынан 414 адам түрлі дене жарақатын алған.
Улан Ыдырыс

