Қоғам

Жалған айғақ бергені үшін сотталды

Петропавлда 21 жастағы қала тұрғынына қатысты сот үкімі шықты. Ағымдағы жылдың басында Айсұлу Кошегалина құқық қорғау органдары өкілдеріне жолығып, өзін 4 жігіттің зорлағаны жайлы арыз жазған. Бірден қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру жұмыстары басталыпты. Алайда, оның барысында азаматша көрсетілімін өзгертіп, зорлау фактісі болмағанын, жігіттермен өз еркімен көңіл қосқанын айтқан. Яғни, ол адамдарды жазықсыз соттатуды көздеген. Осы ісі үшін прокурор судьядан жәбірленушінің әрекетіне құқықтық баға беруді сұраған екен.

ТАХМИНА САБИРОВА, Петропавл қалалық сотының судьясы:
– Сот отырысы ашық түрде өтіп отыр. Айсұлу Кошегалина көрінеу жалған айғақ берген. Бұл заң бұзушылық саналады. Сот әйелді Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда, айыпталушы рақымшылыққа ілініп отыр. Яғни, жазасы жеңілдейді.

Жаза мерзімі 5 жылдан 3 жылға қысқарды. Оған қоса, айыпталушы шартты түрде сотталды. Қоса кету қажет, Айсұлу Кошегалинаның кәмелетке толмаған баласы бар. Бірақ, нәзікжанды ата-ана құқығынан айрылыпты.

ЕРЛАН ЖАМҰЛДИНОВ, Петропавл қаласы прокуратурасының бөлім бастығы:
– Сот оның бұрын сотталмағанын, кінәсін мойындап, өкінгенін, жас екенін және істі ауырлататын мән-жайлардың болмағанын ескерді. Осыған байланысты оған шартты түрде соттау түріндегі жаза тағайындалды. Енді Айсұлу Кошегалина пробациялық бақылауда болады.

Айта кетейік, егер нәзікжанды белгіленген талаптарды бұзса, тағайындалған жазаны бас бостандығынан айыру орындарында өтеуі мүмкін.

Улан Ыдырыс