Kurultai banner mobile

Қоғам

Аққайың ауданында дәстүрлі “Дала күні” мерекесі өтті

СҚО – елімізде ауыл шаруашылығы бойынша беткеұстар аймақтардың бірі. Былтыр теріскейлік диқандар 6,2 млн тонна астық жинады. Орташа өнімділік гектарына 20,8 центнерді құрады. Биыл аталған көлемнен асып түсуіміз керек. Сол үшін Аққайың ауданындағы Дайындық ауылында “Ұлы дала астығы-2026” атты дала күні өтті. Іс-шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Аймақ басшысы ең алдымен өңіріміздің ауыл шаруашылығы тарихынан сыр шертетін арнайы көрмемен танысты. Бұдан бөлек аумаққа неше түрлі заманауи техникалар қойылған. Ауыл шаруашылығына қажетті дүниелер де бар. Ақпарат ұсынушы жандар меймандарға әр заттың артықшылығы жайлы кеңінен айтып берді.

ВИТАЛИЙ ЗАИКА, СҚ ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы басқармасының төрағасы:
– Бізде шамамен 5 мың гектар жер органикалық егіншілікке бөлінген. Мұнда тұқым өндіріп, негізгі дақыл ретінде тритикале өсіреміз. Өнімнің бір бөлігін өзіміздің егістікке тұқым ретінде пайдаланамыз, қалғанын сатылымға шығарамыз. Сонымен қатар, малға арналған экструдталған жем өндіреміз. Мал шаруашылығы саласы бойынша Еуропалық сертификатқа ие болдық. Қазақстанда мұндай сертификат тек біздің кәсіпорында бар. Сондай-ақ тритикаледен ұн шығарамыз. Ал биыл шағын шұжық цехын іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Мерекелік шара тәжірибе алаңына айналды. Басқосуға саланың жілігін шағып, майын ішкен азаматтар қатысып отыр. Солардың бірі – Біржан Шаймерденов. Іскер азамат биыл 15 мың гектар жерге дән сіңірген. Қазіргі күні кәсіпкер жалпы егіс алқабының 17 пайызынан өнім алып үлгерген.

БІРЖАН ШАЙМЕРДЕНОВ, “Дайындық Агро” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:
– Халықтың көңіл-күйі жақсы. Жиым-терім науқанына дайындық жүріп жатыр.

Шараға облысымызды заманауи техникамен қамтамасыз етіп келе жатқан кәсіпорын өкілдері де қатысты. “Agro pilot” серіктестігі 3 жылдан бері агро дрон құрастырумен айналысады. Қазіргі күні аталмыш құрылғының 50-ден астамын теріскейлік агроқұрылым өкілдері өз игіліктеріне жаратып отыр.

АЛМАЗ ҚҰСАЙЫН, “Agro pilot” ЖШС директоры:

Қолымыздан келгенше аграрилерге қолдау көрсетеміз. Жыл өткен сайын олардың бізге деген сенімі артып келеді. Біздің агродрондар сұйық және ұнтақ тәріздес тыңайтқыш себуге арналған. Бұдан бөлек 80 келіден астам жүк көтеретін дрондарды да шығарамыз. Бұндай құрылғының орташа бағасы – 15 млн теңге”.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Токужиновтің сөзінше, жалпы облыста 3 мыңнан астам агроқұрылым бар. Оның 2 800-і -шаруа қожалығы, сондай-ақ мал шаруашылығымен айналысатын мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Қазіргі таңда өңір диқандары 60 млрд теңгеден астам сомаға несие алды. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Егін орағын үздіксіз жүргізу үшін мемлекет тарапынан 61,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Оның бір литрінің бағасы 309 теңгеден аспайды.

ДӘУРЕН ТОКУЖИНОВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Биылғы жылы жалпы облыс бойынша егіс алқабы 4,4 млн гектарды құрайды. Оның 2,9 млн-ы – дәнді, ал 1 млн 260 мыңы – майлы дақыл. Осылайша, Солтүстік Қазақстан облысы майлы дақылдар егісінің көлемі бойынша елімізде көш бастап келеді. Мемлекеттік қолдау шараларына келсек, биыл республика бойынша агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 1 трлн теңгеден астам қаржы бөлінді. 207 млрд теңгесі теріскейлік аграрилерге бағытталды. Оның ішінде “Кең Дала-2” бағдарламасы бойынша 135 млрд теңгеден астам қаржы игерілді.

Содан соң жиналғандар Дайындық ауылындағы Мәдениет үйіне ағылды. Жиында алдағы орақ науқанына дайындық жайы пысықталды. Шара шымылдығын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ашты.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Агроөнеркәсіп өкілдерінің қажырлы еңбегінің арқасында Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі ретіндегі орнын нығайтып келеді. Бұл ауыл шаруашылығы өндірісінің артуына әрі ауылдық аймақтардың дамуына оң әсерін тигізуде. Бүгінде аққайыңдар өлкесі елімізде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің шамамен 10 пайызын, астықтың төрттен бірін және майлы дақылдардың 20 пайызға жуығын өндіреді.

Бұдан соң сөз кезегі ҚР ауыл шаруашылығының вице-министрі Азат Сұлтановқа ұсынылды.

АЗАТ СҰЛТАНОВ, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі:
– Ең алдымен, Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарын өңірдің 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінде жетекші орындардың бірін иеленеді. Өңір ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді. Осы айтулы мерейтойда облысқа өсіп-өркендеу, береке-бірлік және толағай табыс тілеймін.

Айта кетейік, “Ұлы дала астығы-2026” іс-шарасына еліміздің түкпір-түкпірінен келген 3 мыңнан астам диқан қатысты. Олардың сөзінше, бүгінгі алаң мемлекет, ғылым өкілдері және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің басын қосып, саланың өзекті мәселелерін талқылауға әрі нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік берді.

Улан Ыдырыс