Kurultai banner mobile

СҚО әкімдігі

Өңірде Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ірі сауу қондырғысы бар мегаферма іске қосылды

Бүгін М.Жұмабаев ауданында «СК Агро 2050» ЖШС 12 мың бас ірі қара малға арналған мегаферманың бірінші кезеңін іске қосты. Кешен бір мезетте 100 сиырды саууға арналған германиялық «GEA Westfalia» брендінің Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ірі «карусель» үлгісіндегі сауу қондырғысымен жабдықталған.
Заманауи ферма сүтті мал шаруашылығының озық әлемдік стандарттарына сәйкес ұйымдастырылған жаңа буындағы жоғары технологиялық нысан. Инвестиция көлемі 30 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын толық қуатына шыққаннан кейін 120-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Жыл басынан бері Германиядан әуе көлігімен фермаға 550-ден астам асыл тұқымды ірі қара жеткізілді. Жыл соңына дейін Еуропа елдерінен тағы 660 бас мал әкелу жоспарланып отыр.
Жоғары технологиялық сүт кешендерін дамыту Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылуда. Бүгінде біздің облыстың заманауи сүт-тауарлы фермаларды салудағы озық тәжірибесі еліміздің барлық өңірінде кеңінен қолданылып, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдаудың ең тиімді үлгілерінің біріне айналды.
Қазіргі уақытта облыстағы 118 сүт-тауарлы ферманың 50-ден астамы «ақылды» кәсіпорын форматында жұмыс істейді. Жалпы, сүтті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында өңірде жалпы құны 144,5 млрд теңгені құрайтын 44 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.