Астанада Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Алқалы жиында Президенттің отандық тауарды қолдау жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру барысы талқыланды. Теріскейде бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылуда. Отырыста сөз сөйлеген облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің сөзінше, сауда орындарындағы отандық өнімнің үлесі 80 пайызға жеткен. Олардың барлығына «Қазақстанда жасалған» арнайы белгісі жапсырылған. Сонымен қатар, биыл жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында 180-нен астам жәрмеңке ұйымдастырылыпты. Бұл іс-шаралардың барлығы сатушы мен алушыға да зор қолдау болды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
Экспорт көлемін ұлғайту және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Мәселен, “Бейкертон” компаниясы донат өндіретін зауыттың құрылысын аяқтауда. Кәсіпорын өндірілетін өнімнің 70%-на дейін экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Ал “Эко Глэйд” серіктестігі саңырауқұлақ фермасын кеңейту жұмыстарын жүргізуде. Жоба жүзеге асқаннан кейін өндірістік қуаттылығы жылына 5 мың тоннаға дейін ұлғайып, Қазақстанның саңырауқұлаққа деген қажеттілігінің 50%-ын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Нурасыл Ахмет