Бұл – Бөкетов көшесі, 51 мекенжайындағы көппәтерлі баспана. Маңайдағы қоқыс жәшіктерін көрсең еріксіз еңсең түседі. Айналасында құрылыс материалдары мен жиһаз қалдықтары шашылып жатыр. Бәрімізге белгілі, қоқыс шығарумен айналысатын серіктестіктер ірі габаритті қалдықтарды шығармайды. Тиісінше, мына заттар бірнеше күн жатады. Салдарынан жағымсыз иіс те шығуы мүмкін. Аталған мекенжайда тұратын тұрғындар мәселе тез арада шешілсе екен дейді. Заң бойынша тұрғындар ірі габаритті қалдықтарды қоқыс полигонына өздері апару қажет. Полицейлердің сөзінше, қоғамдық орындарға қоқыс тастайтын жандардың да саны артқан. Биыл шаһарда 5 мыңға жуық адам абаттандыру ережесін бұзыпты. Оларға әрқайсысына 10 АЕК көлемінде айыппұл салынған. Мәселені шешу үшін шенділер ауқымды жұмыс атқаруда.
АЙДЫН АҚМАҒАМБЕТОВ, қалалық ПБ бастығының орынбасары:
– Қалалық полиция басқармасының қызметкерлері ПИК төрағаларымен бірлесіп, көппәтерлі баспаналарды аралап жүр. Кездесу барысында тұрғындардан құрылыс материалдары мен жиһаздарды қоқыс жәшігінің маңына тастамауларын сұраймыз. Арнайы көлік жалдап, қоқыс полигонына апарулары қажеттігін айтамыз. Түсіндірме жұмыстары арқылы қоғам арасында қоқыс мәдениетін қалыптастыра аламыз.
Шаһарда қоқыс шығарумен айналысатын 5 компания бар. Түсірілім барысында “Петропавл қаласының тұрғын үй қызметі” серіктестігінің директоры Бауыржан Валеевпен тілдестік. Басшы өздері қызмет көрсететін баспаналардағы қоқысты күнде төгетінін жеткізді. Арасында тіпті ірі габаритті қалдықтарды да полигонға апарады екен.
БАУЫРЖАН ВАЛЕЕВ, “Петропавл қаласының тұрғын үй қызметі” ЖШС директоры:
– Біздің жұмысымыз болмаса да ірі габаритті қалдықтарға арналған арнайы көлігіміз бар. Себебі, тұрғындар бізге күнде хабарласады, шағым түсіреді. Биыл баспаналардың маңына ондаған қоқыс контейнерлерін қойдық. Нәтижесінде шағымдардың саны азайды. Алдағы уақытта қоқыс жәшіктерінің санын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз.
Бауыржан Қалымжанұлының сөзінше, тұрғындар қолындағы қоқысын тиісті жәшікке салса, ірі габаритті қалдықтарды полигонға апарса, мамандардың сөзіне құлақ асса, өзекті мәселе шешімін табар еді. Себебі, тазалық әр адамның өзінен басталады.
Нурасыл Ахмет

