Kurultai banner mobile

СҚО әкімдігі

Петропавлда жаңа нысандар бой көтеріп жатыр

Петропавлда аймақтағы ең ірі медициналық нысандардың бірі көпбейінді облыстық аурухананың құрылысы жалғасуда. Нысандағы жұмыс барысын өңір басшысы бағалап қайтты. Қазіргі уақытта алаңда ғимараттың сыртқы және ішкі әрлеуі қатар жүріп жатыр. Терезелер, инженерлік желілер, желдеткіш пен электр жүйелері монтаждалуда. Қалған жұмыстарды қараша айына дейін аяқтау жоспарланған.

Аурухананың жалпы аумағы 92 мың шаршы метрден асады. Нысанда 250 адам еңбек етуде. Емдеу мекемесін 2027 жылдың қыркүйегінде пайдалануға беру жоспарланған. Өңір басшысы жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, қауіпсіздік техникасын қатаң сақтауды тапсырды. Келесі аялдама құны 4,4 миллиард теңгені құрайтын жаңа қосалқы станция. Ол болашақ аурухана мен «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағын үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етеді. Құрылысты жыл соңына дейін аяқтау көзделген.

Бұл қосалқы станция жобасының басты мақсаты арнайы экономикалық аймақ пен іргелес аумақтарды үздіксіз электр энергиясымен қамту. Бүгінде жалпы құны 2,3 млрд теңгеге барлық құрал-жабдық орнатылды. 2 дана күштік трансформатор, тоқ өткізгіш бар. 350 метрлік екі тізбекті әуе желісінің құрылысы аяқталды.

Тағы бір маңызды нысан ұзақ сақталатын нан-тоқаш өнімдерін шығаратын «Бейкертон» ЖШС зауыты. Жобаны «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында ресейлік инвесторлар жүзеге асыруда. Бұл кәсіпорын өңірдегі ең ірі әрі заманауи технологиямен жабдықталған өндіріс орындарының бірі болмақ.

— Негізгі ғимараттан бөлек, бізде қосымша құрылыстар болады. Олар бақылау-өткізу пункті, трансформаторлық қосалқы станция, су алу торабы және тазалау қондырғылары. Мекемеде 378 тұрақты жұмыс орны ашылады. Инвестицияның жалпы көлемі 37 млрд теңге. Бізде екі ағынды желі қарастырылған. Қазір біріншісін іске қосып жатырмыз. Екінші желіні шамамен екі жылдан кейін, 2029 жылы іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Мұнда құрылыс жұмыстары мәресіне жақындап қалған. Ішкі әрлеу мен абаттандыру аяқталуға жақын, инженерлік желілер қосылып, қоймалар дайындалды. Тамыз айының соңына дейін нысанды толық аяқтау жоспарланған. Одан кейін өндірісті іске қосу-реттеу жұмыстары басталады. Жұмыс сапарының соңғы нысаны «Казкран» ЖШС машина зауыты болды. Кәсіпорын жобалаудан бастап дайын өнімді бояуға дейінгі толық циклді көпірлі крандарды шығарады. Өндірістік аумақ көлемі 13 мың шаршы метрден астам.