Петропавлда Тұңғыш Президент саябағында “Қауіпсіз және таза Қазақстан үшін бірлесіп әрекет етеміз!” атты акция өтті. Іс-шара “Таза Қазақстан” және “Заң және тәртіп” қағидалары аясында ұйымдастырылды. Басты мақсат – қоғамда құқықтық сауаттылықты арттыру, экологиялық мәдениет қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау. Шараға қатысқан жастар командаларға бөлініп, зияткерлік, спорттық және практикалық тапсырмалар орындады.
ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
— Осындай іс-шараларды біз тұрақты түрде өткіземіз. “Таза Қазақстан”, “Заң және тәртіп” қағидалары аясында қолға алынған шаралар межеге жетуге ықпал етеді. Сол себепті, ұйымдастырылып жатқан шаралардың санына ғана емес, сапасына да мән беру қажет. Осы ретте петропавлдық жастардың белсенділігінің жоғары екені қуантады. Тіпті, қоңырау шалып, кезекті жарысты қашан өткіземіз деп жиі сұрайды.

