Облыстық әкімдікте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы уақытқа жоспар қойылды. Отырысқа аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов төрағалық етті. Көрсеткіштерге зер салсақ, әр бағыт бойынша оң динамика байқалады. Биылғы жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 114,5 пайызды құрап, өңір республикада алдыңғы қатардан көрінді.
НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО экономика басқармасының басшысы:
— Облыста өнеркәсіп өндірісінің көлемі 483,3 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,7 пайызға көп. Бұдан бөлек тау-кен өндіру саласында өндіріс көлемі 3,5 млрд теңгеге жетіп, жарты пайыздық өсім көрсетті. Ал өңірдегі өнеркәсіптің басым бөлігін өңдеу өнеркәсібі құрайды. Оның үлесі 85 пайыздан асып отыр.
Өңірде сауда саласы да қарқынды дамып келеді. Биылғы жылдың алғашқы алты айында тауарлар мен қызметтерді өткізудің жалпы көлемі 671,3 млрд теңгені құрады. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 121,8 пайызға жетіп, облыс республикадағы үздік өңірлердің қатарына енді. Бірақ облыста тұралап қалған салалар да бар.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін байқалады. Бірақ кейбір салалар тұралап қалуда. Өңірде өнеркәсіп әлеуетін арттыруға, инвестиция тартуға және жаңа өндіріс орындарын ашуға басымдық беру қажет. Бұл бағыттар экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға және бюджет кірісін көбейтуге ықпал етеді.
Теріскейде агроөнеркәсіп кешені тұрақты өсім көрсетіп отыр. Жылдың алғашқы алты айында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 105,3 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 103,8 пайыз болды. Бұдан бөлек өңірде 4,3 млн гектар алқаптан өнім жиналады. Қазіргі таңда күздік дақылдардың 7 мың гектардан астамы орылып, 17 мың тоннадан астам астық бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 24 центнерді құрап отыр.
ДӘУРЕН ТОКУЖИНОВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
— Жыл басынан бері өңірде 188 мың тонна сүт, 34 мың тоннаға жуық ет және 327,5 млн дана жұмыртқа өндірілді. Өңірде сүтті мал шаруашылығын дамыту бағытындағы инвестициялық жобалар аграрлық сектордың дамуына серпін беріп келеді. “Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату” бағдарламасы аясында өңірде 32 заманауи тауарлы-сүт фермасы салынып, 9 мыңға жуық жоғары өнімді асыл тұқымды сиыр әкелінді. Нәтижесінде соңғы төрт жылда ұйымдастырылған шаруашылықтардағы сүт өндірісі 33 пайызға өсті. Бұдан бөлек облыста 3 жылдың ішінде жалпы құны 144 млрд теңгені құрайтын 44 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.
Солтүстік Қазақстан облысында инвестициялық белсенділік пен сауда көлемі де өсіп келеді. Биылғы жылдың қаңтар-шілде айларында негізгі капиталға 278,6 млрд теңге инвестиция тартылып, оның 208 жарым млрд-ы жеке инвестициялардың үлесіне тиді. Ал жалпы сауда көлемі 780 млрд теңгені құрап, көтерме сауда 125,5 пайызға өсті. Жыл соңына дейін өңірде жалпы құны 775,2 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Кездесу соңында өңір басшысы бірқатар жауапты тұлғалар мен аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді.
Ұлан Ыдырыс

