Kurultai banner mobile

Балалар

Балалар жүзіп үйренді

Пестрое көлінде балаларға арналған танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Алдымен облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жағажайға келген ұл-қыздарды жиып, ақыл-кеңес берді. Шомылу кезінде ненің дұрыс, ненің бұрысын екенін айтты. Келесі кезең – тәжірибелік бөлім. Мұнда арнайы мамандар балаларға жүзудің қыр-сырын үйретті.

РОМАН ЖЕЖЕРЯ, “Дельфин” олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер су спорты түрлері мектебінің жаттықтырушысы:

— Балаларға су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін айттық. Қандай әрекеттерден аулақ болу қажеттігін түсіндірдік. Ұл-қыздар айтқанымызды ұйып тыңдады. Мұндай іс-шара биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта жиі өткізу керек деп ойлаймын. Қауіпті білген, жүзу техникасын меңгерген бала – 50 пайыз қауіптен қорғалған адам”.

Танымдық шараның тағы бір бөлігі – құтқару қызметінің заманауи құрал-жабдықтарымен танысу. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері балаларға мүмкіндіктерді көрсетті. Бұлардың барлығы адам өмірін сақтау және су түбінде іздестіру кезінде қолданылады.

НҰРСҰЛТАН ТӨЛЕГЕН, СҚО ТЖД инженері:

— Бүгінгі іс-шараға жедел-құтқару жасағының мамандарын арнайы шақырдық. Олар балаларға су астында жұмыс істеуге арналған арнайы киімдер мен техникалық жабдықтарды таныстырып, құтқарушылардың күнделікті қызметінің қыр-сырымен бөліседі.

Департамент өкілдері апат айтып келмейтінін ескертеді. Демалыс кезінде жүзуді меңгерген баланың өзін қараусыз қалдырмау керек.