Kurultai banner mobile

СҚО әкімдігі

ЭКИ-ді жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба: Олжас Бектенов жұмыс қарқынын арттыруды тапсырды

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысы Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды. Аталған жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2024 жылы қабылданған болатын. Мақсат – инженерлік инфрақұрылымның тозуын кезең-кезеңімен төмендету, энергиямен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыру және халыққа көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту. Осы орайда 2029 жылға қарай Қазақстанда коммуналдық желілердің тозуын 40%-ға дейін төмендету жоспарлануда. Елімізде 2026-2029 жылдары инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға 13 трлн теңге инвестиция тарту, биыл 12 мың шақырым инженерлік желілерді жөндеуге 1,1 трлн теңге бөлу көзделген.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ – ҚР Премьер-министрі:

— Ұлттық жобаны жүзеге асыру мәселесі Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Қажетті нормативтік құқықтық база толықтай қабылданды, инвестициялық жобаларды қаржыландыру тетіктері айқындалды. Өңірлерде ауқымды жөндеу жұмыстары басталды. Белгіленген нысаналы көрсеткіштерге уақтылы қол жеткізу үшін инфрақұрылымды жаңғырту қарқынын сақтап қана қоймай, одан әрі арттыра түсу қажет.

Энергетика саласында 2029 жылға дейін 77,5 мың шақырым электр және 1,6 мың шақырым жылу желілерін жаңғырту жоспарлануда. Сала министрінің сөзінше, бұл электрмен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін 45%-ға дейін, жылумен жабдықтау желілерінің тозуын 42%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда «Бәйтерек» холдингі арқылы жалпы құны 625 млрд теңге болатын 318 жоба қаржыландырылған. Премьер-министр республикалық бюджетке қосымша жүктеме түсірмей, ұзақмерзімді әрі қолжетімді қаржыландыруды тартуға мүмкіндік беретін ұлттық жоба тетіктерін барынша тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті. Премьер-министр Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Ұлттық жобаны жүзеге асыруға бағытталған инвестициялық қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Еске сала кетейік, Солтүстік Қазақстан облысына биыл ұлттық жоба аясында 45 млрд теңгенің жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның 16 млрд-тан астамы – “СҚ ЭЖТК”-ға, 9 млрд-қа жуығы – “Қызылжар суға”, 5 млрд теңгеден астамы “Петропавл жылу желілері” кәсіпорнына бағытталады.