Құрылтай қос палаталы Парламенттің орнын ауыстырады. Жаңа бір палаталы құрылым заң шығарушы билікті жүзеге асыратын жоғары өкілді орган болып саналады. 5 жыл мерзімге сайланатын депутаттарға дауыс беру науқаны тамыз айының 23-інде өтеді. Қазір бүкіл ел бойынша үгіт-насихат науқаны жүріп жатыр. Барлығы – 545 кандидат тіркелген. Соның ішінен іріктелген 145-і Құрылтай креслосына отырады. Үгіт-насихат науқанына 7 партияның өкілдері қатысып жатыр. Әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдардың өкілдігіне қойылатын талаптар сақталған. Партиялық тізімдер бойынша аталған санаттардың жиынтық үлесі 43,9%-ды құрайды. Оның ішінде 172 нәзікжанды, 373 ер азамат және 35 жасқа дейінгі 74 кандидат бар.
Солтүстікқазақстандық белсенді жас Даяна Баймұқанова Құрылтай құрамына жаңаша көзқарасты жастардың кіретіні қуантады дейді.
ДАЯНА БАЙМҰҚАНОВА, “Штаб JE SKO” ҚБ төрайымы:
— Құрылтай құрамына жастардың қатыса алатыны қуантады. Яғни, олардың мәселелері көтеріліп қана қоймай, жастардың өздері сол мәселелерді шешуге қатысады, ұсыныс білдіреді. Бүгінде жастар түрлі бастама ұсынады, әлеуметтік жобаларға қатысады, волонтерлік қызметпен айналысады және аймақтардың дамуына өз үлестерін қосады. Сондықтан да маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде жастардың пікірі назардан тыс қалмауы қажет.

