Жаңа Конституцияның қабылдануымен күшіне енген “Рақымшылық туралы” заңның мемлекеттік кірістер саласына да қатысы бар. Жаңашылдық жекелеген азаматтарды әкімшілік айыппұлдарды орындаудан босатуды көздейді. Нақтырақ айтсақ, амнистия жеке тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге, сондай-ақ жеке нотариустарға, адвокаттар мен заң консультанттарына қатысты қолданылады. Айыппұлдың кешірілуі үшін 3 шарт орындалуы тиіс: қаулыны мемлекеттік кірістер органы шығарған болуы керек, айыппұл 2026 жылғы 2 шілдеге дейін толық немесе ішінара төленбеген болуы тиіс және құқық бұзушылық заңда көрсетілген ерекшеліктер тізіміне кірмеуі қажет.
АҒЫБАЙ БАЙБОЛОВ, Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының орынбасары:
— Рақымшылыққа салық органдарында тіркеу мерзімдерін бұзу, арнайы салық режимдерін қолдану, салық есептілігін уақытында тапсырмау, бақылау-касса машиналарын пайдалану қағидаларын бұзу, сондай-ақ кеден саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтардың басым бөлігі жатады. Заңды тұлғалар, лауазымды тұлғалар, шетелдіктер және азаматтығы жоқ тұлғалар рақымшылық жасауға жатпайды. Мемлекеттік кірістер органдары барлық рәсімді өздері жүзеге асырады. Азаматтарға қосымша өтініш немесе құжат тапсырудың қажеті жоқ. Рақымшылықты іске асыру жұмыстары заң күшіне енген күннен бастап алты ай ішінде аяқталады.

